Қоғамда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының прокуратурасы, №95 мектеп-лицей педагогтері үшін «Мектептегі қауіпсіздік: кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы педагогтің рөлі» тақырыбында профилактикалық дәріс өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында буллинг пен кибербуллингтің, бопсалаудың, балаларды есірткі таратуға және дропперлік схемаларға тартудың, сондай-ақ отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды.
Педагогтерге баланың мінез-құлқындағы қауіпті белгілерді ерте анықтау, оқушымен дұрыс қарым-қатынас орнату, оқиғаны тіркеу және жауапты тұлғалар мен уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлау алгоритмі түсіндірілді.

Педагогтің міндеті тергеп-тексеру жүргізу емес, қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде байқап, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиісті шаралар қабылдауға бастамашылық жасау екені атап өтілді.
Іс-шара педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, білім беру ұйымдарында қауіпсіз ортаны қалыптастыруға және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға бағытталды.
Заң мен тәртіп әр баланың қауіпсіздігінен басталады.