Таяуда теледидарда «Қазір айтайық» телешоуында «Қара шаңырақ – қасиетті мекен» тақырыбында тұрақты сарапшылар біраз ой талқылады. Біріншіден, сарапшылар неге тұрақты? Олар барлық тақырыпта маман емес қой. Сарапшылар сол тақырыпқа сәйкес адамдар болғаны дұрыс қой деп ойлаймын.
Ертеде бір атадан тараған ұрпақтар бір маңайда тұрғанда, ата-ана кенже баланы өздері ыңғайлы келінге үйлендіріп, қара шаңырақты ұстап тұруға тәрбиелеген. Әке-шеше қартайғанда жайлы жағдайда тұруын ойлайды. Өз баласы келінімен бапты болса, олар алаңсыз өмір сүреді. Қазір кенже баланы қолында ұстап тұру көп жағдайда мүмкін емес. Олай дейтінім, мамандық алғаннан кейін бала да мамандығы бойынша немесе басқа себептермен қоныс аударуына тура келеді. Сосын келінді баланың өзі таңдайды. Ол ата-анаға ұнай ма, ол жағы онша ескерілмейді. Қазіргі уақытта қарттар қай баланың қолында тұрғысы келетінін өздері таңдайды. Өмір көрсетіп отырғандай, кейбіреулері ешқайсысының қолына барғысы келмей, жеке тұрғанды ұнатады, қыз балаларының қолына барғысы келетіндер де кездеседі. Меніңше, балалар ата-анасына жайлы орын тауып беруге тырысқаны дұрыс. Мысалы, өзіміз жеке тұрғанды ұнаттық. Баламыз Марат Астананың бел ортасынан жайлы пәтер алып берді. Міне, ширек ғасырдай осында өмір сүріп жатырмыз. Балаларымыз өздері ақылдасып, барлық мәселені бізге айтпай, өздері шешеді. Отбасыммен бірге қызмет бабымен 6 елді мекенде өмір сүрдік. Балаларым үш елді мекенде дүниеге келді. Біздің ұлтта үй иесі – отағасы. Меніңше, әкенің соңғы тұрған үйі қара шаңырақ болғаны дұрыс.
Қара шаңырақты ұрпақтарының бәрі сыйлағаны дұрыс. Ата-анаға арналған шаралар сол үйде өткені ләзім болар еді. Әсіресе олардың туған күнін, соңғы сапарға шыққан күнін, т. б. дүниеден өткен үлкендерді жиі еске алып отырып, басына барып құран бағыштап отырсақ, өлі риза болып, тірі байитын заман туар еді. Тұрмыста татулық болса, бәрі оңынан шешіледі, – деп ойлаймын.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Зейнеткер