Сақтық та, сауаттылық та керек
Ақпарат ғасырында шындықтың құны бұрынғыдан да арта түсті. Бір ғана әлеуметтік желідегі жазба, тексерілмеген хабарлама немесе әдейі таратылған қауесет санаулы сағаттың ішінде миллиондаған адамға жетіп, қоғамда дүрбелең туғызуы мүмкін. Сондықтан бүгін де жалған ақпаратпен күрес тек журналистиканың емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселесіне айналды. Әлемнің көптеген мемлекеттері бұл қауіпке қарсы заңнаманы күшейтіп, цифрлық кеңістікті реттеуге көшсе, соңғы жылдары Қазақстан да осы бағыттағы нақты қадамдарын жасап жатыр.
2025 жылдың шілде айынан бастап елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көздейтін жаңа заң күшіне енді. Бұл – цифрлық дәуірдегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешім. Жаңа талапқа сәйкес, қоғамда үрей туғызатын, шындыққа сәйкес келмейтін немесе азаматтар мен ұйымдардың абыройына нұқсан келтіретін ақпаратты таратқан адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер жалған мәлімет қоғамдық тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікке немесе азаматтардың құқықтарына зиян келтірсе, жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал мұндай әрекет ауыр зардаптарға немесе әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелсе, айыппұл мөлшері 980 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Бұл заңның басты ерекшелігі – оның тек журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына ғана емес, әлеуметтік желіні пайдаланатын кез келген азаматқа қатысты қолданылуы. Facebook, Instagram, TikTok, Telegram немесе YouTube желілерінде жарияланған әрбір ақпарат үшін енді құқықтық жауапкершілік қарастырылған. Тіпті әлеуметтік желіде жалған ақпаратты өзіңіз жазбасаңыз да, оны әдейі таратуға ықпал етсеңіз, мысалы, бөліссеңіз, қолдау білдіретін пікір қалдырсаңыз немесе оның кеңінен таралуына саналы түрде көмектессеңіз, құқық қорғау органдары мұны да ескеруге құқылы. Бұл – цифрлық кеңістіктегі әрбір әрекеттің жауапкершілікпен жасалуы тиіс екенін көрсетеді.
Әлеуметтік желі сөз еркіндігінің мүмкіндігін кеңейтті. Алайда сөз еркіндігі жауапсыздық дегенді білдірмейді. Желідегі әрбір сөздің де жауапкершілігі бар. Интернет кеңістігі де қоғамдық өмірдің бір бөлігі болғандықтан, онда жарияланған әрбір сөздің нақты салдары ескерілуі тиіс. Өйткені жалған ақпарат тек бір адамның беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамда дүрбелең туғызуы, мемлекетке деген сенімді әлсіретуі, тіпті ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі де ықтимал. Сондықтан көптеген елдер заңнаманы күшейтумен қатар, азаматтардың медиа сауаттылығын арттыруға басымдық беріп отыр. Қазақстанның жоғарыдағы жаңа заңы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Алайда жалған ақпаратпен күрестің табысты болуы тек айыппұлдың көлеміне және жазаның ауыр-жеңілдігіне байланысты емес. Ең бастысы жалған ақпараттың жолын кесу әр азаматтың ақпараттық сауаттылығына байланысты екенін де ескерген жөн. Мәселен, бір ақпаратты бөлісерден бұрын оның дереккөзіне көз жеткізу, эмоцияға емес, фактіге сүйену және цифрлық кеңістіктегі әрбір әрекетің де жауапкершілігі бар екенін сезіну маңызды. Өйткені қай қоғамда болса да, ақпарат тарату құқығымен қатар, ақпараттың ақиқаттығына жауап беру міндеті де қатар жүреді.
Қазақстан жалған ақпаратпен күресуде Финляндия мен Қытай тәжірибесіне көбірек назар аударғаны дұрыс. Мәселен, Финляндияда мектеп бағдарламасына медиа сауаттылықты енгізіп, оқушыларды ақпараттың шынайылығын тексеруге, манипуляцияны тануға ерте жастан үйретеді. Сарапшылар бұл елді жалған ақпаратқа ең төзімді мемлекеттердің бірі деп есептейді.
Әлемде цифрлық кеңістікті қатаң реттейтін мемлекеттердің бірі – Қытай. Соңғы жылдары бұл ел әлеуметтік желілердегі анонимділікке шектеуді күшейтіп келеді. Көптеген платформаларда пайдаланушылар нақты жеке басын растауға міндетті. Яғни азаматтар өз аты-жөнімен тіркеліп, аккаунттың нақты иесі екендігін дәлелдеуі тиіс. Бұл талаптың мақсаты – жалған аккаунттар арқылы қауесет таратуға, алаяқтыққа және қоғамдық пікірді жасанды түрде өзгертуге тосқауыл қою. Қазақстанда да бірнеше парақшамен тіркелетін азаматтар аз емес. Бұл жалған ақпараттың жылдам таралуына қолайлы орта қалыптастыратыны әлде қашан дәлелденген. Сондықтан біздің елде де әлеуметтік желі қолданушылардың бірнеше атпен тіркелуіне шектеу қойған жөн.
Жалған ақпаратпен күрестің ең тиімді қаруы – заң ғана емес, әр азаматтың ақпараттық мәдениеті. Әрбір оқырман көргенін бірден бөліспей, алдымен оның шынайылығына көз жеткізуді әдетке айналдырса, қоғамдағы жалған ақпараттың таралуын едәуір азайтуға болады.
Бірақ жалған ақпаратпен күрес сөз еркіндігін шектеудің, қоғамға сын айтып, ұсыныстарын ашық білдіретіндердің «тілін кесіп», «қолын матайтын» тәсілге айналмауы керек. Өйткені демократиялық қоғамда азаматтардың пікір айту, билік жұмысына баға беру және қоғамдық мәселелерді ашық көтеру құқығы сақталуға тиіс. Заң нақты жалған ақпаратты қасақана таратуды тоқтатуға бағытталуы керек, ал орынды сын, қоғамдық пікір мен азаматтық ұстаным жазалаудың нысанына айналмауы қажет. Сонда ғана жалған ақпаратпен күрес ақпараттық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, қоғамның мемлекетке деген сенімін де арттыра алады. Әсіресе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанған елде сөз бостандығы мен азаматтардың пікір білдіру құқығы әрдайым қорғалуы тиіс. Мемлекет жалған ақпараттың таралуына тосқауыл қойғанымен, қоғамдағы орынды сынға, конструктивті ұсыныстарға және азаматтық пікірге қысым жасалмауы керек. Өйткені ашық диалог пен еркін пікір алмасу ғана қоғамның дамуына, мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыруға және билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға қызмет етеді. Бұл да ескеретін түйін.