Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
фото: atameken.kz

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен «Qazaqstan Sport Federation» қоғамдық қоры бизнес пен спорт саласы арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Құжат дене шынықтыру және спорт саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға, спорт ұйымдары, бизнес-қоғамдастық және өзге де мүдделі тараптар арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыруды көздейді.

Ынтымақтастық аясында тараптар әлеуметтік маңызы бар спорттық жобаларды іске асыруға бизнес өкілдерін, инвесторлар мен демеушілерді тартуға, спорттық инфрақұрылымды дамытуға, спорттық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты насихаттауға бағытталған бірлескен ақпараттық және ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыруға ниетті.

Айта кету керек, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм жөніндегі салалық кеңестің құрамында дене шынықтыру және спорт саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысатын кәсіпкерлерді біріктіретін «Спорт» кіші комитеті жұмыс істейді.

Кіші комитет кәсіпкерлер қауымдастығын біріктіру, саланың өзекті мәселелерін талқылау, бизнес жүргізу жағдайларын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ спорт индустриясын дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған.

Меморандумға қол қою бизнес пен спорт қауымдастығы арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтудағы кезекті қадам болып табылады. Бұл бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер ашып, елордадағы спорт саласы мен кәсіпкерліктің одан әрі дамуына ықпал етеді.