Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған педагог мәртебесін арттыру және ұстаздарды қолдау бағыты аясында елімізде мұғалімдердің кәсіби жетістіктерін ынталандыру шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның бірі - үздік тәжірибесімен және жоғары нәтижелерімен ерекшеленген ұстаздарды анықтауға бағытталған «Үздік педагог» республикалық конкурсы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Биыл конкурстың аудандық кезеңіне еліміз бойынша 2145 педагог тіркелді. Оның қорытындысы бойынша 939 қатысушы облыстық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен педагогтер республикалық кезеңге ұсынылды. Қазіргі уақытта қорытынды кезеңге тіркелу жалғасуда.
Конкурс мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері арасында өткізіледі. Қатысушылардың кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық еңбек өтілі болуы қажет.
Биыл конкурс қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес іріктеу 27 тамызда басталды. Республикалық кезең 22 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өтеді және екі турдан тұрады. Алғашқы турда комиссия қатысушылар ұсынған материалдарды бағаласа, екінші турда педагогтер белгіленген білім беру ұйымында сабақ немесе оқу қызметін өткізеді.
Республикалық комиссияның шешімі бойынша 64 педагогке дейін «Үздік педагог» атағына ие болады. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан - 10, орта, арнайы, мамандандырылған және қосымша білім беру ұйымдарынан - 34, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан 20 педагогке дейін іріктеледі.
Жеңімпаздардың әрқайсысына 1000 АЕК, яғни 4 325 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы, арнайы куәлік және «Білім беру ұйымының үздік педагогі» төсбелгісі табысталады.
«Үздік педагог» республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 816 педагог аталған атаққа ие болды. Өткен жылы конкурс қорытындысы бойынша 64 педагог жеңімпаз атанған.