Қазақстандық шоудауншылар Сеулде Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Корея Республикасының Сеул қаласында көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында IBSA Showdown 2026 Азия чемпионаты өтті. Халықаралық додаға Азия елдерінен келген мықты спортшылар қатысып, шоудаун спортындағы шеберліктерін ортаға салды. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы да аталған чемпионатқа қатысып, ел намысын халықаралық аренада қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының шоудауннан ұлттық құрама командасы III орынға ие болып, қола медаль жеңіп алды.
Бұл – Қазақстанда шоудаун спортын дамыту, спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыру және көру қабілеті бұзылған азаматтарды спортқа кеңінен тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі.
Қазақстанда шоудаун спортын жүйелі түрде дамыту жұмыстары 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді. «Шоудаунды дамыту және қолдау ұлттық федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Серік Жүзбайдың бастамасымен бұл спорт түрін өңірлерде дамытуға, спортшыларды даярлауға және халықаралық жарыстарға қатысуына жағдай жасау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Бүгінде Федерация шоудаун спортын Қазақстан Республикасының 16 өңірінде дамытуда. Жүйелі түрде спортпен шұғылданатын спортшылардың саны шамамен 1000 адамды құрайды. Олардың қатарында 15 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтар бар.
Шоудаун – көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған спорт түрі. Ойын барысында спортшылар негізінен есту қабілетіне сүйеніп, арнайы жабдықталған үстел үстінде доппен ойнайды. Бұл спорт түрі адамның дене дайындығын жетілдірумен қатар, қозғалыс үйлесімділігін, есту арқылы бағдарлау қабілетін, дербестігін және өзіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан құрамасының Сеулдегі Азия чемпионатына қатысуы спортшыларға халықаралық деңгейдегі бәсекеде тәжірибе жинақтауға, спорттық шеберлігін шыңдауға және басқа елдердің спортшыларымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, халықаралық жарыс Қазақстанда шоудаун спортын одан әрі дамытуға, жас спортшыларды даярлауға және ұлттық құраманың халықаралық аренадағы тәжірибесін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашты. Ұлттық құраманың Азия чемпионатына қатысуына Федерацияның серіктестері – «Самұрық-Қазына» қоры Спортты дамыту қолдау қоры қолдау көрсетті.
Федерация алдағы уақытта да Қазақстанның барлық өңірлерінде шоудаунды дамытуға, жаңа спортшыларды анықтауға, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға және ұлттық құраманың халықаралық жарыстарға тұрақты қатысуына жағдай жасау жұмыстарын жалғастырады.
Қазақстандық спортшылардың Сеулдегі қола жүлдесі – шоудаун спортының елімізде дамып келе жатқанының және көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін спорттағы жаңа мүмкіндіктердің қалыптасып отырғанының нақты көрінісі.