Ұландықтар Астанада ерекше балалардың ата-аналарына концерт ұйымдастырды

Ұландықтар Астанада ерекше балалардың ата-аналарына концерт ұйымдастырды
фото: ҚР Ұлттық ұланы

Астана қаласы әкімдігінің “Жансая” әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдау көрсетуге бағытталған ерекше кездесу өтті. Іс-шарада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Ән-би ансамблі орталықтың келушілеріне арнап концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Күн сайын балаларын оңалту шараларына алып келетін ата-аналар үшін аталған кездесу ерекше әсер қалдырды.

- Мен үш ерекше баланың анасымын. Үй мен реабилитациялық мекеменің ортасында жүргендіктен, артық ешқайда шыға алмаймыз. Бүгін әдемі ән тыңдап, рухты туындыларды естіп бір сергіп қалдық. Ұзақ уақыт бойы балаларының денсаулығына алаңдап, ем-домға алып күш жұмсайтын ата-аналарға да моральдық қолдау мен жылы қарым-қатынас қажет. Осыны ескерген орталық басшылығы мен ұландық өнерпаздарға алғысымыз шексіз, — дейді Жұлдыз есімді ата-ана.

Концерт барысында Ұлттық ұланның әскери музыканттары мен әртістері патриоттық және халық әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Музыка мен өнер арқылы ата-аналарды бір сәт болса да күнделікті уайымнан арылтып, жақсы эмоция сыйлады.

Іс-шара соңында орталық басшысы Ердәулет Аманбай қоғам тыныштығын күзетіп қана қоймай, ауыртпалық арқалап жүрген ата-аналардың жан тыныштығын қамтамасыз еткені үшін құқықтық тәртіп өкілдеріне ризашылық танытты. Сондай-ақ, Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековке алғыс хат жолдады.

Ұлттық ұлан үшін Отан қорғау тек әскери міндетпен шектелмейді. Қоғамның әлсіз топтарына назар аудару, қолдау көрсетіп, жылулық сыйлау да – әскери қызметшілердің азаматтық ұстанымының бір бөлігі.