Үкімет отырысында Президент Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды

Үкімет отырысында Президент Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды
фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Инфляцияны тежеу: 20 қарашаға дейін Үкімет пен Ұлттық банк салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіруді күшейту шараларын әзірлеуі тиіс. Әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемелерінің сақталуын апта сайын бақылау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

Бюджет процесіндегі жасанды интеллект: бюджет шығыстарын бақылау үшін цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні қолдану кеңейтіледі. Онлайн-мониторинг жүргізуге және қаражатты тиімсіз пайдалану тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік беретін қазынашылық ақпараттық жүйесін құру жоспарлануда.

Орта бизнесті қолдау: жыл соңына дейін орта бизнесті дамыту жөнінде жеке жоспар әзірленеді. Ол шағын кәсіпорындардың орта бизнес санатына өтуіне көмектесіп, ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге тиіс. Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен, бизнес-омбудсменмен және депутаттық корпуспен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылау тапсырылды.

«Халықтық құрылыс»: жыл соңына дейін өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, жергілікті жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желілерінен бастап мектептерге, ауруханаларға және басқа да нысандарға дейінгі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың тізбесі қалыптастырылады. Жобаларды жүзеге асыруға отандық өндірушілерді кеңінен тарту жоспарлануда.

Көлік инфрақұрылымы: 2027 жылы автомобиль өткізу пункттерін жаңғыртуды аяқтау, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу, «Көкшетау – Петропавл» автожолын кеңейту және Астанада екінші әуежай құрылысын бастау жоспарланып отыр.

АӨК-ті цифрландыру: «Е-АӨК» платформасы құрылып, 2027 жылы салалық Data Lake жүйесін әзірлеу аяқталады. Сондай-ақ өнімділікті болжау, егістіктерді мониторингтеу және шығындарды оңтайландыру үшін жасанды интеллектіні белсенді қолдану тапсырылды.

Су және су үнемдеу: 15 желтоқсанға дейін жасанды интеллект элементтері бар Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі толыққанды жұмыс істеуге тиіс. 2027 жылғы қаңтарға дейін суды ұқыпты тұтынуға экономикалық ынталандыруды көздейтін тарифтік реформаны аяқтау жоспарлануда.

Әлеуметтік қолдау: отбасылардың жағдайын неғұрлым дәл бағалау үшін 1 желтоқсанға дейін цифрлық жүйелер интеграцияланады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Денсаулық сақтау: үш жылдық бюджетте 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын 40%-ға дейін көтеруге арналған шығыстар көзделеді. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы 70 нысанның құрылысын және пайдалануға берілуін қамтамасыз ету қажет.

Мұғалімдерге түсетін жүктемені азайту: ақпараттың қайталануын болдырмау және есептер санын қысқарту үшін есептіліктің барлық түріне ревизия жүргізіледі. Сондай-ақ 10 желтоқсанға дейін педагогтердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды күшейту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Премьер-министр Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын атап өтті. Бұл жұмыстың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру және елдің дәйекті дамуын қамтамасыз ету.