Елордаға келетін шетелдік қонақтармен ең жиі тілдесетін жандар – туристік полиция қызметкерлері. Сондықтан олар сырттан келген меймандар үшін қазақ полициясының ғана емес Қазақстан халқының да бейнесі болуы керек. Себебі солар арқылы да Қазақстанның халықаралық деңгейдегі оң имиджі қалыптасады. Осы ретте Астана каласы Полиция департаменті Патрульдик полиция полкы Туристерге қызмет көрсету взводы қызметкерлерінің атқарар жұмысы ауқымды.
Туристік полиция қызметі әсіресе, елдің бәрі жазғы демалысқа шығатын қазіргі кезеңде жандана түседі. Осы взводтың инспекторы, полиция аға лейтенанты Бағлан Жанаевтың айтуынша, биылғы алғашқы жартыжылдықта олар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, туристермен жұмыс істеу сапасын арттырған, сондай-ақ қосымша тілдер үйрену курстарына барып, тіл білу көкжиегін кеңейткен.
-Біздің негізгі міндетімізге туристерге бағыт-бағдар беру, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, құжаттар немесе жеке заттары жоғалған жағдайда жедел іздестіру шараларын ұйымдастыру және басқа да құқықбұзушылық оқиғаларына тап болғанда көмектесу жатады. Олармен кездесу барысында қауіпсіздік шаралары, қоғамдық тәртіпті сақтау және туристер үшін маңызды қызметтер туралы да түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Алаяқтарға тап болып алданған туристерге аудармашылық қызмет көрсетіп, тергеушілердің жұмысын жеңілдетеміз. Көбі туристік полиция тарапынан көрсетілген қамқорлық пен ілтипатқа ризашылығын білдіріп, елорда туралы жағымды әсер алғанын айтып кетеді, - дейді ол.
Астанада туристік полиция қызметкерлері 4 маңызды қосында отырады. Атап айтқанда, олардың қосындары Бейбітшілік және келісім сарайы, «Бәйтерек» монументі, «Экспо» көрмесі аумағы және «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығы жанында орналасқан. Бұлар – елорданың халық көп жүретін орындары. Осы қызмет орнында олар кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді, ал түнде полк қызметкерлері кезекшілікке шығады, алайда түнгі уақытта туристерге көмек қажет болғанда аталған взвод полицейлері шақыртылады.
-Биыл бізге Қытай, Үндістан, және Еуропа елдерінен туристер көп келді, олардың бірқатары заттарын жоғалтып алғанын айтса, бірқатарында заң бойынша қиындықтар туындаған, кейбіреуі қаланың көрнекті әсем жерлерін сұрастырады немесе такси шақырып беруді сұрайды. Біздің қызметкерлердің тілді жақсы білуі осындайда аса қажет, барынша олардың көңілін тауып, өтінішін орындап жіберуге тырысамыз, - дейді Б. Жанаев.
Қазіргі таңда аталған взводта осындай маңызды міндеттерді атқаратын 24 туристік полицей қызмет етуде. Олардың 15-і – әйелдер. Туристік полицейлер елорданың шетелдік қонақтарына еркін қызмет көрсету үшін ағылшын, қытай, өзбек, қырғыз, түрік, араб тілдерін жақсы меңгерген. Тілдер департамент тарапынан оларға тегін оқытылады.