«Таза Қазақстан»: абаттандыру талаптарын бұзғандарға шара қолданылуда

«Таза Қазақстан»: абаттандыру талаптарын бұзғандарға шара қолданылуда
фото: видеоскрин

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ел аумағында санитарлық тазалықты сақтау, аумақтарды абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акция барысында санитарлық тазалық пен абаттандыру талаптарын бұзудың 30 мыңнан астам дерегі анықталды. Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі қоқысты белгіленбеген орындарға тастау, аумақтарды тиісті деңгейде күтіп ұстамау, абаттандыру талаптарын сақтамау және құрылыс қалдықтарын уақтылы шығармауға қатысты.

Мәселен, мердігер ұйым ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұған жұмыстар аяқталғаннан кейін құрылыс қалдықтарын тиісті түрде шығару қамтамасыз етілмегені себеп болды.

«Таза Қазақстан» акциясы тек тазалық жұмыстарын жүргізумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және әр азаматтың өз аумағына деген жауапкершілігін қалыптастыру.

Тазалық – ортақ міндет. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау, қоқысты белгіленген орындарға тастау және абаттандыру талаптарын сақтау – әр азамат пен ұйымның ортақ жауапкершілігі.