Бас қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету үшін экология акциялары, бейнебақылау жүйелері, жасанды интеллектке негізделген цифрлық платформалар және коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың заманауи тетіктері кешенді түрде қолданылып жатыр. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Жалпыбаев пен Astana smart city ахуалдық орталығының басқарушы директоры Айбек Ахметбеков мәлімдеді.
Спикерлердің айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жыл басынан бері елордада 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 300 мыңнан астам тұрғын қатысты. Осы уақыт ішінде 1200 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 8,5 мыңнан астам аула тазартылды. Сонымен қатар
1,4 мыңнан астам аялдама павильоны жуылып, 360 мыңға жуық жасыл желек, оның ішінде 15 мың ағаш отырғызылды.
Қаладағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау жұмысы да жалғасуда. «Ғарыш сапары» ғарыш мониторингі нәтижесінде анықталған 122 заңсыз қоқыс үйіндісінің 68-і жойылып, қалған учаскелер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 30 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 105 мың тоннадан астам қалдық шығарылған.
Заңсыз қоқыс төгудің алдын алу үшін бүгінде қала шетіндегі 34 нысанда 122 бейнекамера жұмыс істейді. Келер жылы бұл жүйе кеңейіп, тағы 41 нысанға 152 камера орнатылады. Нәтижесінде елордадағы бақылау камераларының саны 274-ке жетеді.
Қазіргі таңда қаланың бірыңғай цифрлық жүйесіне 60 мыңнан астам бейнекамера қосылған. Онда жасанды интеллект негізіндегі 35-тен астам бейнеаналитикалық сценарий енгізілуде. Жүйе қоғамдық орындарды ластау, қоқыстың заңсыз төгілуі, вандализм, аялдамаларды бүлдіру, заңсыз сауда және қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін автоматты түрде анықтайды. Дегенмен түпкілікті шешімді уәкілетті қызметкерлер қабылдайды.
Бұдан бөлек, барлық камералар, датчиктер мен коммуналдық қызметтердің GPS жүйелері қалалық ахуалдық орталыққа біріктірілген. Қазір орталыққа 18 төтенше, коммуналдық және өзге де қызмет қосылған. Әрбір оқиға жүйеде тіркеліп, жауапты мекемелерге жедел жолданады және оның орындалуы толық бақылауда болады.
Биылғы 7 айда абаттандыру және тазалық қағидаларын бұзғаны үшін 30,2 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылып, жалпы сомасы 73,3 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Сонымен қатар елордада қалдықтарды басқарудың цифрлық жүйесі жетілдірілуде. Waste management ақпарат жүйесі арқылы 19 мыңнан астам қоқыс контейнері, 4,8 мың контейнер алаңы және 116 арнайы техника цифрландырылған. Ал құрылыс қалдықтарын қабылдайтын «Солтүстік қырқа» алаңында Smart waste платформасы енгізіліп, барлық жұмыс цифрлық форматта жүргізілуде.