Бүгін елордада мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Таңертеңнен бастап Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит бастаған елордалық спортшылар мен жаттықтырушылар сайлау учаскелеріне барып, дауыс берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Олардың қатарында әлемдік және құрлықтық біріншіліктердің чемпиондары мен жүлдегерлері, Олимпиада ойындарының қатысушылары, сондай-ақ жас спортшылар бар.

Атап айтқанда, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы әлем чемпионы, 2021 жылғы Азия чемпионы, 2022 және 2023 жылдардағы әлем чемпионаттарының қола жүлдегері, Париж Олимпиадасының қатысушысы Валентина Хальзова, грек-рим күресінен 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Бағдат Сабаз, белбеу күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің үш дүркін чемпионы Дидар Сатбаев сайлауға қатысты.

Сондай-ақ тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Гульнара Базаралиева, дәстүрлі садақ атудан әлемнің үш дүркін чемпионы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Қанат Қасымхан, академиялық ескек есуден спорт шебері Асханбек Бапан және тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер Алихан Жұмашев та өз таңдауларын жасады.
Бүгінгі сайлау керлингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Маржан Қазез үшін ерекше мәнге ие болды. Биыл қыркүйекте 18 жасқа толған жас спортшы алғаш рет сайлауға қатысып, өзінің конституциялық құқығын пайдаланды. Осыған орай оған сайлау учаскесінде естелік сыйлық табысталды.
«Биыл 18 жасқа толып, бүгін алғаш рет сайлауда дауыс бердім. Бұл күн менің есімде ұзақ сақталары сөзсіз. Сайлау учаскесінде естелік сыйлық табыстағаны да мені қуантты. Қаламыздың болашағына бейжай қарамайтын жас азамат ретінде сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасау мен үшін маңызды», – деді Маржан Қазез.
Сайлауға халықаралық спорт додаларында ел намысын абыроймен қорғап жүрген елордалық параспортшылар да қатысты.
Олардың қатарында пара жүзуден 2026 жылғы V Азия Пара ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы Азия Пара ойындарының төрт дүркін чемпионы, әлем кубогының күміс және қола жүлдегері Әли Тұрғанбеков, пара жүзуден V Азия Пара ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Сиязбек Далиев бар.

Пара үстел теннисінен V Азия Пара ойындарының қола жүлдегері, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Алтынай Ержанқызы, пара оқ атудан V Азия Пара ойындарының қатысушысы, әлем кубогының қола жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Айгерім Төлегенова да өз сайлау учаскелерінде дауыс берді.
Бұдан бөлек, пара оқ атудан әлем кубогының күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері Ардақ Оторбаев пен пара дзюдодан ұлттық құрама мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Аслан Нұрдәулетов те сайлауға қатысты.
Әлемдік спорт аренасында еліміздің абыройын асқақтатып жүрген елордалық спортшылар бүгін қаланың қоғамдық-саяси өміріне қатысып, конституциялық құқықтарын пайдалану арқылы азаматтық ұстанымдарын білдірді.