Табиғат – ортақ үйіміз

Табиғат – ортақ үйіміз
фото: Оңалхан Өнерхан

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Астанадағы №4 балалар кітапханасында балабақша бүлдіршіндеріне арналған "Орманның ғажайып әлемі" атты экологиялық викторина өтті.

    Балақайлардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру және экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында танымдық ойын-сайыс түрінде ұйымдастырылған іс-шараны кітапхана меңгерушісі Ақмарал Жаныспаева жүргізді. Елордада көшелерді тазалау, қоқыстарды сұрыптау, абаттандыру, ағаштар отырғызу, оларды күтіп-баптау бойынша көп жұмыс атқарылып жатқанын айта келе, ол іс-шараның негізгі мақсатына тоқталды. 

    – Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Оны таза сақтау, ағаштарды қорғау, гүлдерді күту – әрқайсымыздың міндетіміз. Осыған орай бүгін біз табиғат туралы қызықты сұрақтарға жауап беріп, ойындар ойнаймыз. Біздің мақсатымыз – балаларға ерте жастан бастап экологиялық мәдениет пен табиғатқа ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыру, - деді кітапхана меңгерушісі.

    Алдымен «Ойлан, тап!» викторинасы шеңберінде кішкентай қатысушылар Қазақстанның астанасы, ағаштардың бізге не беретіні, құстарға қыста қалай көмектесуге болатыны, суды не үшін үнемдеуіміз керектігі туралы, сондай-ақ қоқысты қайда тастаған дұрыс, гүлдерді жұлуға бола ма, табиғатты қалай қорғаймыз және көктемде қандай ағаштар отырғызамыз деген сұрақтарға жауап берді. Одан әрі «Дұрыс па, бұрыс па?», «Табиғат құбылыстарын ата» ойындарын ойнап, қоршаған ортаға жанашырлық жөнінде мультфильм тамашалады. Өздері көрген ертегі кейіпкерлерінің әрекеттеріне риясыз көңілдерімен баға бере отырып, былдырлаған тәп-тәтті тілдерімен жасырылған жұмбақтардың шешуін тауып, мақал-мәтелдерді жалғастырды. Қағаз, пластик, шыны ыдыс суреттерін тиісті жәшіктерге салу арқылы күнделікті тұрмыста қоқысты дұрыс сұрыптау дағдыларын үйренді. 

    Іс-шара барысында жас оқырмандарға табиғат, жануарлар мен өсімдіктер туралы кітаптар таныстырылып, кітап оқудың маңызы түсіндірілді. Осылайша балалар табиғатты қорғау туралы көп мағлұмат алды. 

    – «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында өткізілген бүгінгі ойын-сайыста балалар табиғатты қорғауға етене жақындады деп ойлаймын. Оларға кітапхана қызметкерлері бұл бағытта не істеу керек, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу және тазалықтың маңыздылығы туралы біраз ақпарат берді. Жалпы, кітап бала тәрбиесіндегі маңызды құрал ғой, осы тұста табиғатты аялауға негізделген басылымдармен таныстыру, мультфильм көрсету – мұның бәрі балалардың есінде ұзақ сақталады, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-ге қарасты № 8 кітапханасының кітапханашысы Айнұр Төлегенова.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ