Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі басталды

Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі басталды
фото: Астана қаласының әкімдігі

24 қазанда елордадағы Qazaq Creative Hub орталығында Креативті индустрияларды дамыту қорының Creative Aimaq жобасы аясында Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі ашылды. Екі күнге созылатын шараға қолөнершілер, дизайнерлер, өнер өкілдері мен инновациялық жобаларды әзірлеушілер қатысуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Жәрмеңкенің салтанатты ашылуында оңтүстік өңірдің ұлттық өнерін дәріптеген «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетті.

Алғашқы күннің басты оқиғаларының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры сахналаған «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы. Спектакль Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналды.

Жәрмеңкеде шымкенттік шеберлердің ұлттық киімдері, авторлық әшекейлері, кілемдері, киізден, қыштан, былғарыдан және ағаштан жасалған бұйымдары ұсынылды. Келушілер қолөнершілермен танысып, ұнаған өнімдерін сатып алуға және олардың жасалу ерекшеліктерін білуге мүмкіндік алды.

Шымкенттің технологиялық жобалары да көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында алақан тамырлары арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін Alaqan, қолжазбаны жасанды интеллект көмегімен танып, өңдейтін Qalam AI ақылды қаламы және мал шаруашылығына арналған QazTracker цифрлық жүйесі бар. Сондай-ақ «САҚ» киностудиясы шығармашылық жұмыстарын таныстырды.

25 қазанда келушілерді не күтеді?

Республика күні Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі жалғасады. Екінші күннің бағдарламасында қазақ анимациясы, театр өнері, музыка мен дәстүрлі қолөнерге ерекше көңіл бөлінеді.

Көрермендерге «САҚ» киностудиясының «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» мультсериалдары мен «Ахмет» анимациялық фильмі көрсетіледі.

Жұмат Шанин атындағы театрдың «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы қайта сахналанып, «Қаратау» ансамблі концерттік бағдарламасын ұсынады.

Сонымен қатар ұлттық әшекей бұйымдарын жасау, киіз басу және құрақ құрау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Келушілер дәстүрлі қолөнер тәсілдерімен танысып, бұйым жасауға қатыса алады.

Creative Aimaq жобасының мақсаты – өңірлік брендтерді таныту, креативті кәсіпкерлерді қолдау және олардың өнімдерін өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашу. Жәрмеңке шымкенттік шеберлер мен дизайнерлерге елорда тұрғындарына бұйымдарын ұсынып, жаңа сатып алушылар табуға жол ашады.

Ертең, 25 қазанда жәрмеңке жалғасады! Елорда тұрғындары мен қонақтарын Республика күнін ұлттық өнер мен шығармашылыққа толы ортада атап өтуге, Шымкенттің мәдениетімен танысып, отандық шеберлерді қолдауға шақырамыз!

Өтетін күндері: 24–25 қазан 2026 жыл

Өтетін орны: Астана қаласы, Qazaq Creative Hub, Жошы хан көшесі, 16/2.