Нұра ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша семинар өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2026 жылғы 27 тамызда Астана қаласы Нұра ауданы прокуратурасының үйлестіруімен Астана қаласының Психологиялық қолдау орталығы ауданның жалпы білім беретін мектептерінің психологтары мен педагогтарына арналған кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып, балалармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ психологиялық дағдарыс жағдайындағы кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға уақтылы көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге бағытталды.
Семинар барысында кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқына алып келуі мүмкін негізгі факторлар мен себептер, балалардың эмоционалдық және психологиялық жай-күйінің төмендеу белгілері, сондай-ақ педагогтар мен мектеп психологтары тарапынан уақтылы әрекет ету мәселелері талқыланды.
Балалардың психологиялық қиындықтарын ерте анықтау, мектеп, ата-ана және психологиялық қызмет мамандары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, сондай-ақ ықтимал қауіп-қатерлер туралы белгілерді назардан тыс қалдырмау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Семинар қорытындысы бойынша мамандарға профилактикалық жұмысты ұйымдастыру және психологиялық көмекке мұқтаж кәмелетке толмағандар анықталған жағдайда өзара іс-қимыл жасау бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Астана қаласы Нұра ауданының прокуратурасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының жұмысын одан әрі үйлестіруді жалғастырады.