Елордада полицейлер Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1–2 курс студенттеріне құқықтық сауаттылықты арттыруға және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған "Заң жолында" атты танымдық іс-шара өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара 2026–2030 жылдарға арналған халықтың конституциялық-құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыру аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында полиция қызметкерлері студенттерге есірткі құралдарын заңсыз айналымға енгізу және пайдалану салдарынан туындайтын құқықтық жауапкершілік, жастардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупі, сондай-ақ ықтимал қауіпті ұсыныстар мен жағдайларды анықтау жолдары туралы айтып берді. Есірткі және психотроптық заттарды, оның ішінде интернет-ресурстар мен мессенджерлер арқылы таратқаны үшін көзделген жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Ақпаратты көрнекі түрде жеткізу мақсатында студенттерге тақырыптық бейнероликтер мен құқық қорғау органдарының тәжірибесінен алынған нақты мысалдар көрсетілді. Қатысушылар полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, өз құқықтары, міндеттері және заңда көзделген жауапкершілік бойынша түсініктемелер алды. Іс-шараның практикалық бөлімінде елордалық полицияның заманауи техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Студенттерге құқық қорғау органдарының қызметінде қолданылатын робот-иттің жұмысы көрсетілді. Астана қаласы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығы қызметкерлерінің қызметтік иттердің қатысуымен өткізген көрсетілімі де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Мамандар қызметтік иттердің тыйым салынған заттарды анықтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында атқаратын жұмысын көрсетті. Іс-шара соңында студенттерге өз құқықтары мен заңнама негіздерін білу деңгейін тексеруге арналған интерактивті викторина ұйымдастырылды. Қатысушылар полиция қызметкерлерімен ашық диалог форматында сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады. Мұндай іс-шараларды өткізу жастарды құқыққа қайшы әрекеттердің салдары туралы ақпараттандырып қана қоймай, олардың өз шешімдеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді.