Шахтерлар үнемі маңдайы терлеп тұратын, қат-қабат жер астында еңбек ететін еңбекқор адамдар. Олар екінің бірі бара қоймайтын, оның үстіне батырлықты, төзімділікті қажет ететін мамандық иелері.
Жер астынанда жүріп күндіз де түнде де еңбек етіп, көмір өндірудің өзін экономикамыздың күре тамыры деп айтуға болады. Біз осы Қарағанды өңірінде өстік. Экібастұзды жақсы білеміз. Көмір өндіріп жатқан қалалардың іргесінде өстік. Қарағанды қала болып құрылғалы бері осы өңірдегі шахтерлар туралы олардың ерліктері мен еңбектері туралы естіп есейдік. Қазақ әдебиетінде Ғабит Мүсіреповтың "Оянған өлкесі", Ғабиден Мұстафиннің "Қарағанды романдары" Сапарғали Ләмбетов жазған "Қат-қабат", Медеу Сәрсекевтің "Кішкене шахтер" еңбектерін прозада, Қасым Аманжоловтың "Ақын мен шахтер" балладасы секілді сүбелі дүниелерді жақсы білеміз. солардың еңбектері арқылы біраз дүниеге қанықтық. Өзімізде талай шахтерлармен дос болдық. Олардың ауысымнан шыққан кездерінде талай сырластық. Жер астына түсіп көмір өндіруге кетіп бара жатқан әрбір шахтер тәуекелге бел байлап кетіп бара жатады. Кеңестер одағында біздің қала үшінші орын алады деп еститінбіз. Осы қала берекенің, ерлік пен елдіктің қаласы сияқты елестейді. Сондықтан мұның маңызы адамның тіршілік көзі бар кезде естен өшпейді. Шахтерлар мерекесін жыл сайын үлкен дәрежеде өткізіп келеді. Еңбек адамдарының еңбегі елеусіз қалған емес. Олардың бірлігі мен ұйымшылдығын көрген кезде жүрегің елжірейді. Олар сан ұлттың өкілдері еңбек етіп жатқан жерде олардың еңбектері еселене берсін. Олар ұрпаққа үлгі іс жасап келеді.
Ғалым Жайлыбай, ақын Мемлекеттік сыйлықтың иегері