Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының 35 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуратурасы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттеріне «Жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында дәріс өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу барысында студенттерге әкімшілік және қылмыстық жауаптылық, алаяқтықтың, киберқылмыстардың, буллингтің және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Сонымен қатар студенттер прокуратура органдарының қалыптасу және даму тарихымен, қызметінің негізгі бағыттарымен, заңдылықты қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлімен танысты.

Жастарға кәсіби бағдар беру, прокуратура органдарындағы қызмет мүмкіндіктері және прокурор мамандығының қоғам үшін маңызы туралы ақпарат берілді. Кездесу соңында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.