Санитариялық талаптарды бұзған құрылыс ұйымдары жауапқа тартылды

Санитариялық талаптарды бұзған құрылыс ұйымдары жауапқа тартылды
фото: polisia.kz

 "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында елордада санитариялық тазалықты сақтау, абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және қоғамдық орындардағы тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жыл басынан бері өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Кезекті бақылау барысында құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер ұйымның жұмыс аяқталғаннан кейін аумақта қалған құрылыс қалдықтары мен қоқысты уақытылы шығармағаны анықталды.

Соның салдарынан аумақтың санитариялық жағдайы бұзылып, қоршаған ортаға кері әсер еткен. Аталған факті бойынша мердігер ұйым Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Құқық бұзушылық анықталғаннан кейін жауапты тұлғаларға аумақты қысқа мерзімде тиісті жағдайға келтіру туралы талап қойылды. Нәтижесінде ұйым аумақтағы барлық қоқыс пен құрылыс қалдықтарын жинап, толықтай шығарып, учаскені тазалады.

Бұдан бөлек, тағы бір бақылау іс-шарасы барысында құрылыс компаниясының абаттандыру және санитариялық тазалық талаптарын сақтамағаны анықталды. Құрылыс нысанына іргелес аумақта құрылыс материалдары мен қалдықтарының жиналып қалғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша компанияға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция департаменті абаттандыру және санитариялық тазалық талаптарын бұзуға жол берілмейтінін ескертеді. Әрбір кәсіпкерлік субъектісі мен ұйым өзіне тиесілі аумақтың тазалығына жауапты. "Таза Қазақстан" – ортақ іс. Таза әрі жайлы қала әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады.