Сайлауға дайындық қарқын алды

Сайлауға дайындық қарқын алды

Елордада алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қарқын алды. Дауыс беру күні Астанада 520 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазір учаскелік комиссиялар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сайлаушылар тізімін нақтылап, дауыс беру процесіне дайындық жүргізуде. Әр азамат өзіне тиесілі учаскені eGov Mobile қосымшасы, Gov.kz порталы немесе елорда тұрғындары үшін арнайы іске қосылған sailau.astana.kz сайты арқылы анықтай алады. Ол үшін жеке сәйкестендіру номерін енгізу жеткілікті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2 тамызда әкімдіктер электронды және қағаз түрінде сол тізімдерді учаскелік комиссияларға тапсырады. 7 тамыздан бастап әрбір тұрғын өзі тіркелген учаскеге барып, сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады. Егер қандай да бір қателік анықталса, оны сол жерде түзетуге болады. Ал сайлау күні тұрақты тіркелген мекен-жайында болмайтын азаматтар арнайы уақытша орындарда таңдау жасайды. Мұндай учаскелер ауруханаларда, тергеу изоляторларында, әскери бөлімдерде орналасады. Ол үшін азаматтар дауыс беру күніне кемінде 15 күн қалғанда тиісті өтініш беруі қажет.

      Қазір Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын жеті саяси партияның сенімді өкілдеріне арнайы куәліктер табысталуда. Сонымен қатар саяси дода барысын бақылайтын халықаралық байқаушылардың тізімі да артып келеді. Бүгінде олардың саны 86-ға жетті. Астанадағы 23 қоғамдық ұйым байқаушы ретінде қатысуға ниет білдіріп, аккредиттеу рәсімінен өтіп, тиісті куәліктерін алуда. Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабековтен осы дайындық барысы, жалған ақпаратпен күрес, шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеу және сайлау комиссияларында жұмыс істейтін азаматтарды оқыту туралы сұрадық.

        – ҚР заңнамасына сәйкес шетелдік БАҚ өкілдері сайлау науқанын жариялауға құқылы. Ол үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы аккредитациядан өтуі керек. Сол журналистер үгіт-насихат кезеңін, дауыс беру барысын және дауыс санау рәсімін заң талаптарына сәйкес еркін жариялай алады. Сонымен қатар олар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын брифингтер мен баспасөз мәслихаттары, ақпараттық іс-шараларға қатыса алады. Сайлау күні халықаралық бақылаушылармен қатар шетелдік БАҚ өкілдерінің жұмысына барлық қажетті жағдай жасалады. Бұл - сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамның бірі, сондықтан оған өте үлкен көңіл бөлеміз, – дейді ол.

        Сайлау кезінде қоғамда нақты және ресми ақпараттар жеткізу – ең басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясы және басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп жүйелі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

        – Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау науқанына қатысты барлық маңызды ақпаратты, түсіндірме материалдарын, сайлау рәсімдері жөніндегі жаңалықтарды және азаматтарды қызықтыратын өзекті сұрақтарға жауапты өзінің ресми интернет ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрақты түрде жариялап  келеді. Бұл тұрғындардың ресми әрі тексерілген ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізіледі. Сайлауға қатысты жалған немесе бұрмаланған ақпарат анықталған жағдайда ресми түсіндірмелер беріліп, шынайы ақпарат жедел жарияланады. Қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық шаралар қабылданады. Осыған байланысты азаматтарға сайлау туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алып, тексерілмеген мәліметтерге сын көзбен қарауды ұсынамыз, – деді комиссия төрағасы.

         Астанада түрлі сала мамандарынан жинақталған 4263 адам сайлау комиссиясының мүшесі ретінде жұмыс істейді. Алдымен олар комиссия жұмысын сапалы жүргізе алатындай бірнеше кезеңде оқытылады. ОСК-ның үлкен электронды парақшасы бар, соған кіріп сайлауға қатысудың алдында тест тапсырып, нәтижесінде жақсы баға алғаннан кейін жұмысқа кірісе алады. Практикалық оқытуға көп көңіл бөлінеді.

– Сайлау туралы заңда да өзгерістер көп. Әр түрлі мәселемен бір жағдай туындаса, соны реттеуге деңгейі жетуі керек. Сондықтан оқыту семинарлары өткізіледі. Олардың біліктілігі – біздің абыройымыз, – дейді Б. Жұмабеков.

        Сайлауда қызмет ететін комиссия мүшелерін оқыту, дәріс беру 21 тамызға дейін жалғасып, олар толық білім алып шығады. Астана аумақтық сайлау комиссиясы шетелдегі комиссия мүшелерін де бірнеше рет онлайн түрде оқытады. Одан басқа байқаушылар, партиялар, сайлауға қатысатын түрлі ұйымдар, яғни полиция, БАҚ өкілдері де хат жазып, семинар өткізуге өтінім берсе, оларды да оқыту мүмкіндігі бар.