«Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елорданың Сарайшық ауданындағы Президент саябағында профилактикалық рейд өтті. Іс-шараға аудандық полиция басқармасының, төтенше жағдайлар қызметінің, әкімдік пен прокуратураның қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіптің бұзылуының алдын алу, қауіпсіздік деңгейін арттыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Рейд барысында қоғамдық орындарды ластаудың алдын алуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар жабдықталмаған жерлерде суға түсуге және заңсыз балық аулауға тыйым салудың сақталуын тексеріп, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жүргізді.

«Рейдтің негізгі мақсаты – экологияны сақтау. Біз тұрғындарды тазалықты сақтауға және демалыстан кейін қоқыс қалдырмауға шақырамыз. Тазалық әрқайсымыздан басталады. Бірлесе отырып қана жайлы қалалық орта қалыптастыра аламыз. Бұдан бөлек, мұндай рейдтер жағалау аумағында да өтеді. Онда тұрғындарға жабдықталмаған жерлерде суға түсуге және балық аулауға тыйым салынғанын түсіндіреміз», – деді Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайберген.
Рейд кезінде полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары демалушыларға қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігін еске салды. Ал әкімдік өкілдері суға түсуге тыйым салатын ескерту белгілерінің бар-жоғын тексерді.
Сондай-ақ байдарка иелеріне ерекше көңіл бөлінді. Әкімдік өкілдері полиция қызметкерлеріне олардың суға жүзуіне рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеруді тапсырды. Себебі өзенде катерлер, теплоходтар мен катамарандар қатынайды, сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтау төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
«Біздің міндетіміз – тұрғындарға жабдықталмаған жерлерде суға түсуге неге болмайтынын түсіндіру. Мұндай профилактикалық іс-шараларды шомылу маусымы басталғалы бері тұрақты түрде өткізіп келеміз. Сондай-ақ ата-аналарға балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдыруға болмайтынын ескертеміз. Қазір елордада аптап ыстық болып тұр, сондықтан азаматтарды от жақпауға шақырамыз. Кеуіп қалған өсімдіктер өрт шығу қаупін едәуір арттырады», – деді Астана қаласы ТЖД Сарайшық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Аманжол Қадырбеков.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарға тұрмыстағы қауіпсіздік ережелерін де еске салып, әсіресе кішкентай балаларды үйде қараусыз қалдырмау және олардың терезеден құлап кету қаупі туралы айтты.
«Әкімдікпен бірлесіп, терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін де орнатып жатырмыз. Олар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін беріледі. Бүгінде қала бойынша осындай мыңнан астам құрылғы орнатылды, оның 344-і – Сарайшық ауданында. Бұл профилактикалық жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, өйткені мәселе әлі де өзекті», – деді Аманжол Қадырбеков.
Аудан прокуратурасының өкілдері мұндай іс-шаралардың басты мақсаты құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру екенін атап өтті.
«Рейдтің негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету. Біз азаматтардың әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауына жол бермеуге тырысамыз, заң талаптарын түсіндіріп, заңмен неге рұқсат етілетінін және неге тыйым салынатынын еске саламыз», – деді Сарайшық ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Әміржан Себжанов.