Астанада өтіп жатқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ауқымды мәдени оқиға ретінде есте қалды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі күнге созылған фестиваль барысында жалпы 56 тонна қымыз ұсынылып, бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді. Осылайша ұлттық сусын көлемі бойынша жаңа рекорд орнатылып, BaiQymyz-2026 фестивалінің ең басты жетістіктерінің біріне айналды.
Қымызды дәріптеуді, ұлттық тағам мәдениетін насихаттауды және отандық өндірушілерді қолдауды мақсат еткен фестиваль биыл бұрынғыдан да ауқымды ұйымдастырылды. Екі күн бойы елордалықтар мен қала қонақтары қымыздың сан алуан түрінен дәм татып, қазақ халқының дәстүрлі тағамдары мен салт-дәстүрін бір алаңда тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Фестивальдің басты оқиғаларының бірі – халықаралық «Ең үздік қымыз» байқауы. Оған Қазақстанның барлық өңірінен және Ресейден келген 60-тан астам қымыз өндіруші қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынды.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайды. Бас жүлде ретінде автокөлік тігіліп, бұл байқауға қатысушылардың қызығушылығын бұрынғыдан да арттырды. Фестивальдің екінші күні, яғни бүгін халықаралық байқаудың жеңімпаздары анықталып, үздіктер салтанатты түрде марапатталады.
Фестивальдің ауқымды бағдарламасы ұлттық дәстүр мен заманауи демалысты ұштастырды. Қонақтар үшін шеф-аспаздардың қатысуымен ұлттық тағамдарды әзірлеуге арналған аспаздық шоу ұйымдастырылып, қымыз өндірушілер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынады. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған «Қамбар ата» халықаралық көрмесі мен BaiQymyz Qulynshaq балалар этноалаңы қонақтардың қызығушылығын арттырды.

Фестивальдің көркін қыздырған ұлттық спорт жарыстары да көрермендерді бейжай қалдырмады. Фестивальде дәстүрлі садақ ату, көкпар, конкур, қыздар және медиатұлғалар арасындағы бәйге, қыз қуу, кәсіпқой және әуесқой шабандоздар арасындағы сайыстар өтеді. Сондай-ақ «Қымыз ішіп жарысу», «Қой көтеру», «Жілік сындыру» сияқты ұлттық ойындар да бүгін өтеді.