БҰҰ-ның қолдауымен және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы халықаралық жобалар жалғасып келеді. Бұл бастама әлем елдері жастарын ортақ мақсатқа жұмылдырып, волонтерлер мәдениетін дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Осы бағыттағы бастаманың бірі – Erasmus+ бағдарламасы аясында Халықаралық волонтерлік қызметті үйлестіру комитетінің (CCIVS) бастамасымен, Халықаралық музыка кеңесі және он халықаралық ұйымның серіктестігімен жүзеге асқан Voices for Change жобасы. Жоба Палестина, Кения, Эстония, Эквадор, Оңтүстік Африка Республикасы және өзге де елдердің жастарының басын қосып, шығармашылық арқылы мәдениетаралық диалогты дамытуға жол ашты.
Аталмыш жоба аясында Найробиде (Кения) өткен білім беру және шығармашылық семинарда «Табиғат үні» атты ән мен бейнебаян жарық көрді. Бағдарлама барысында жастар Нгонг орманында ағаш отырғызу акциясына қатысып, жергілікті қауымдастықтардың мәдениетімен және тәжірибесімен танысты. Жастардың ортақ ойы мен шығармашылық ізденісі аталған туындыда көрініс тапты.