Қолөнер шеберлерінің көрмесі

Қолөнер шеберлерінің көрмесі

«Даму молл» сауда ойын-сауық орталығында Сарайшық ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолөнершілерінің көрмесі өтті. Іс-шарада орталыққа келушілер зейнеткер әжелердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдармен танысты.

Сарайшық ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұлттық қол­өнерді дамытуға бағытталған қолөнер үйірмесі табысты жұмыс жасап келеді. Үйірме өз жұмысын 2025 жылдың қыр­күйек айында бастаған. Алғашқы уақытта үйірмеге 20-30 зейнеткер әйел қатысса, қазіргі таңда қатысушылар саны 80 адамға жеткен. Соның ішінде шамамен 70 пайызы қолөнер жұмыс­тарын толық меңгеріп, белсенді түрде айналысуда.

Үйірме барысында қатысушылар, ең алдымен, инемен шұқып кесте тігу техникасын меңгерді. Бұл – дәстүрлі кілем өнерінің жаңартылған түрі. Осы әдіс арқылы шебер әжелер кілемге ұқсас әсем картиналар жасауды үйренген. Бір картинаны жасауға шамамен 2-3 күн уақыт кетеді. Кейін үйірме мүшелері жүнмен жұмыс жасау тәсілдерін меңгеріп, картиналарды табиғи жүнмен безендіру жұмыстарын қолға алған. Сонымен қатар қолөнершілер тоқылған сөмкелер, жастықтар және басқа да тұрмыстық бұйымдар дайындайды.