Қоғамдық көлік мәселесі талқыланды

Қоғамдық көлік мәселесі талқыланды
фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында елорда тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселе қаралды. Жиында қоғамдық көліктің жұмысы, көше-жол желісі мен автотұрақ инфрақұрылымын дамыту, қала бюджетіне өзгерістер енгізу, жылу маусымына дайындық және қаланы абаттандыру мәселелері талқыланды.

Отырыста қоғамдық көлік жұмысының қазіргі жай-күйі мен оны жетілдіру бағыттары, сондай-ақ көше-жол желісі мен автотұрақ инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ басшы орынбасарының міндетін атқарушы Мадияр Тұқпатов баяндама жасады.

Бүгінгі таңда елорданың қоғамдық көлігі 10 автобус паркімен, оның ішінде бір коммуналдық автобус паркімен, 117 маршрут бойынша қызмет көрсетеді. Оның 83-і – қалалық, 26-сы – қала маңы және 8-і – экспресс маршрут.

– 2023-2025 жылдары 1127 жаңа автобус сатып алынып, жылжымалы құрамның жаңару деңгейі шамамен 67 пайызды құрады. 2025 жылы №1 автобус паркі 300 газбен жүретін автобус сатып алды. Сонымен қатар маршруттық желіні дамыту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы 12 жаңа маршрут, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 6 жаңа маршрут іске қосылды. Олар елорданың ірі аудандары мен жолаушылар ағыны қалыптасатын негізгі нысандарын қамтиды, – деді Мадияр Дастанұлы.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – алдағы жылыту маусымына дайындық. «Астана қаласының Энергетика басқармасы» ММ басшысы Әділ Қынатов елорданың жылыту маусымына дайындығы және оны өткізу қағидалары жөніндегі жобаны таныстырды. Бұдан бөлек, қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ Астана қаласының аумағын абаттандыру қағидаларын бекіту жөніндегі ұсыныстар; Астананың 2026-2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі де қаралды.

Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, қала инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру және елордадағы жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға қатысты мәселелерді талқылады.