Нобель сыйлығының лауреаты, қытай әдебиетінің көрнекті өкілі Мо Яньның Қазақстанға сапары отандық әдеби орта үшін елеулі оқиға болды. Қазақстан Жазушылар одағының шақыруымен келген қаламгер елдің бірнеше қаласында оқырмандармен жүздессе, Астанадағы кездесу ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті.
Осы кездесуден кейін әлеуметтік желіде Мо Яньды, Мо Яньмен кездесуге барған жұртты сан-саққа жүгірткен пікірлер қарша борады. Тіпті кейбір басылымдар «Әйгілі жазушы қазақтардан кешірім сұрады» деген айқайлы тақырыппен материал жариялады. Бірақ кездесуге қатысып, жазушының сөзін түпнұсқада өз құлағымызбен тыңдаған біз оның бұл сөзді ешқандай кінәсін мойындау немесе ресми кешірім сұрау мағынасында емес, шығыс халықтарына тән сыпайылық пен сөз бастау мәдениетінің бір үлгісі ретінде айтқанын анық аңғардық.
Әлем әдебиетімен қауышудың ең қолжетімді әрі тиімді жолы – көркем аударма. Қазірше Мо Яньның қазақ тілін үйреніп, қазақ әдебиетінің озық үлгілерімен танысуға күні түсіп тұрған жоқ. Тіпті қазақ жазушыларының шығармаларын мүлдем оқымаса да, оған келіп-кетері шамалы. Бірақ Мо Янь кішілік танытты, қазақ жазушыларының шығармаларын оқымаса да, бұл елдегі қаламгерлердің небір керемет шығармалар жазғанын іштей сезіп отырғанын айтып: «Қытайға барған соң, қытай тіліне аударылған қазақ жазушыларының шығармаларын міндетті түрде оқимын» деді. Бірақ нені оқиды? Бізді жазушының «кешірім сұраймын» деген әншейін айта салған бір ауыз сөзі емес, осы сөз ойландыруы тиіс.
Шын мәнінде, Мо Янь қазақ әдебиетімен таныс емес болса, ол оның кінәсі емес, алдымен біздің кінәміз. Әрине, әлеуметтік желіде айтылып жатқандай, Қазақстанда Мо Яньды он орайтын қазақ жазушысы аз емес. Бірақ біз соларды, олардың жазған шығармасын қаншалықты насихаттай алдық? Шетел тіліне сапалы деңгейде аударып, Мо Янь сияқты қаламгерлердің назарын қазақ әдебиетіне бұра алдық па? Мәселе осыда.
Әрине, қытай тіліне аударылған шығармалар жоқ емес, бар. Бірақ тым көп те емес. Аударма сапасы да керемет деп айта алмаймын. Қытай қазақтарынан шыққан Еркеш Құрманбекқызы, Қайша Тәбаракқызы, Әкбар Мәжит сияқты аудармашылар аздап аударды. Мұқағали Мақатаев, Рақымжан Отарбай, т. б. жазушылардың кейбір шығармалары аударылғанымен, Қазақстандағы классик жазушылардың шығармалары қытай оқырмандарына әлі толық жеткен жоқ, дұрысы жеткізе алмадық. Екінші тұрғыдан, қытайлар өздері іздеп оқып, тілеп аударатындай біздің жазушылар әлемдік деңгейде дүмпу туғыза алған жоқ, небір керемет шығармалар өз көлемімізден аспай жатыр. Керісінше, қазақ әдебиетіне қарағанда қытайлар қырғыздың «Манасын» жақсы біледі, Шыңғыс Айтматовтың да көптеген шығармасы қытай тіліне аударылған. Мо Яньның да кітапханадағы кездесуде алдымен қырғыздың «Манасын» айтып отырғанының себебі де осы. Енді салмақтап көрейікші, оқымаған ол кінәлі ме, әлде оқыта алмаған біз кінәліміз бе? Біздің қолымызға қалам алдырған мәселе – осы.