Қимыл-қозғалыс – сергек өмір кепілі

Қимыл-қозғалыс – сергек өмір кепілі
фото: Астана қаласының әкімдігі

 Астанада Отбасы күні мен Халықаралық цигун күніне орай аға буын өкілдеріне арналған тағылымды, әрі мазмұнды сауықтыру шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара «Ататүрік» саябағында өтіп, оған Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 50-ге жуық зейнеткері қатысты.
Шараның басты мақсаты – егде жастағы азаматтарды белсенді өмір салтына тарту, денсаулықты нығайтуға бағытталған жаттығуларды кеңінен насихаттау және бос уақытты тиімді ұйымдастыру. Табиғат аясында өткен жүздесу қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, дене белсенділігі мен рухани сергектікті қатар ұштастыруға мүмкіндік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның алғашқы бөлімінде қатысушыларға цигун өнерінің теориялық негіздері түсіндіріліп, оның адам денсаулығына пайдасы, тыныс алудың дұрыс техникасы мен қимыл-қозғалысты үйлестірудің маңызы туралы ақпарат берілді. Ал практикалық бөлімде зейнеткерлер арнайы жаттығуларды орындап, цигунның қарапайым тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгерді.

Шеберлік сабағын Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы цигун үйірмесінің жетекшісі Жанат Тұяқбаев өткізді. Музыка ырғағымен орындалған жаттығулар қатысушыларға ерекше серпіліс беріп, шараның көңілді, әрі әсерлі өтуіне ықпал етті.

«Бүгін «Ататүрік» саябағына 50-ге жуық зейнеткер жиналды. Негізінен цигун үйірмесінің, сондай-ақ оңалту гимнастикасы мен би үйірмелерінің белсенді қатысушылары келді. Біздің орталықта цигун үйірмесі орталық ашылған күннен бастап жұмыс істеп келеді. Зейнеткерлер аптасына төрт рет жиналып, сабақтарға зор ықыласпен қатысады. Білікті ұстаз Жанат Ақымбекұлының жетекшілігімен өтетін сабақтар соңғы кезде егде жастағы азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр», – дейді Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы Гүлдана Шөменбаева.

Сауықтыру шарасы спорттық көрсетілімдермен де жалғасты. Қатысушыларға «Гармония» айкидо, «Рух» ушу клубтары және «Бес Тармақ» мектебінің өкілдері өз өнерлерін көрсетті. Жекпе-жек өнерінің шеберлері көрсеткен жаттығулар мен әдіс-тәсілдер көпшіліктің көңілінен шықты.

Бұл күнгі басқосу қатысушыларға пайдалы жаттығулармен қатар, жақсы көңіл күй, ал саябақтағы әсем әуен жағымды әсер  сыйлады.