Қазақстандағы жастар саясаты: жаңа мүмкіндік пен нақты нәтиже

Қазақстандағы жастар саясаты: жаңа мүмкіндік пен нақты нәтиже
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына, кәсіп бастауына, шығармашылықпен айналысуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жастардың қабілетін шыңдап, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына қажетті жағдай жасауға айрықша мән беріледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Осы бағытта елімізде білім беру және тұрғын үй бағдарламалары жетілдіріліп, жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау шаралары жүзеге асырылады. NEET санатындағы азаматтарды әлеуметтік ортаға бейімдеу бойынша да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Сонымен бірге жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мен креативті индустрияларды дамытуға басымдық берілген. Бүгінде барлық өңірде креативті орталықтар жұмыс істейді. Бұл алаңдар жас авторлар мен шығармашылық сала өкілдерінің жобаларын дамытуына, кәсіби байланыс орнатуына және жаңа бастамаларын іске асыруына мүмкіндік береді.

Жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі – жас азаматтарды қоғамдық және мемлекеттік үдерістерге белсенді тарту. Осы мақсатта олардың өкілдігін арттыру, Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру және волонтерлік қозғалысты дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Белсенді әрі бастамашыл жастарға да қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты шығармашылық, әлеуметтік және кәсіпкерлік жобаларды дамытуға жол ашады.