«Қазақстанда жасалған» - енді жай ғана тауардың шыққан жерін білдіретін белгі емес

«Қазақстанда жасалған» - енді жай ғана тауардың  шыққан жерін білдіретін белгі емес

Бүгінде отандық өндіріске деген көзқарас өзгеріп келеді. Қазақстан үшін өндіріс көлемін арттырумен қатар, шикізат пен қосалқы бөлшектерден бастап дайын өнімге дейінгі толық өндірістік тізбекті ел ішінде қалыптастыру маңызды.

Бұл бағыт Мемлекет басшысының отандық тауар өндірушілерді қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмаларымен де үндеседі. Мемлекеттік саясат енді жекелеген қолдау шараларымен шектелмей, бизнеске инвестиция салуға, өндірісті кеңейтуге, жаңа өнім түрлерін игеруге және тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік беретін жағдай жасауға бағытталып отыр.

Нәтиже де бар. 2024 жылдан 2026 жылғы тамызға дейін «Даму» қоры арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жоба қолдау тауып, жалпы сомасы 2,2 трлн теңге болатын кредиттер берілді. Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры 2024–2026 жылдары 153 отандық тауар өндірушіге 943 млрд теңгеден астам көлемде қолдау көрсетті.

Өндірістің өз базасы да біртіндеп өзгеріп келеді. Қазақстан қарапайым құрастырудан өндірісті тереңірек оқшаулауға көшуде. Мәселен, автомобиль өнеркәсібінің жекелеген бағыттарында оқшаулау деңгейі 40%-ға, Wabtec локомотив зауытында 45%-ға жетті. Сонымен қатар автокомпоненттер, теміржол техникасы, ауыл шаруашылығы және арнайы техника, металлургия мен химия өнімдерін шығару бағыттары дамып келеді.

Мұнда өнеркәсіптік кооперацияның маңызы ерекше. Ірі кәсіпорындардың айналасында қосалқы бөлшектер өндіретін, сервистік және жөндеу қызметтерін көрсететін, логистикамен айналысатын қазақстандық компаниялар көбейген сайын, бір кәсіпорынның айналасында тұтас өндірістік экожүйе қалыптасады.

Бұған «Өрлеу» бағдарламасын мысал етуге болады. 2025 жылы бағдарлама аясында 2 278 жоба 588 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Ал 2026 жылы «Іскер аймақ» бағдарламасына 24 млрд теңге қарастырылып, өңірлердегі шамамен 5 мың жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік бермек.

Дегенмен, бұл жұмыстың нәтижесін тек бөлінген қаражатпен немесе іске қосылған бағдарламалар санымен бағалау жеткіліксіз. Негізгі мәселе — осы қолдаудың нәтижесінде Қазақстанда қанша бәсекеге қабілетті өнім өндіріліп жатқаны.

«Қазақстанда жасалған» белгісі тұтынушыдан отандық өнімді тек қазақстандық болғаны үшін таңдауды сұрамауы керек. Өнім сапасы, бағасы, технологиялық деңгейі және өндірушінің жауапкершілігі арқылы тұтынушының таңдауына өзі лайық болуы тиіс.

Локализацияны жүйелі түрде дамыту, кәсіпорындарды жаңғырту және өндірістік кооперацияға жағдай жасау арқылы біз біртіндеп экономиканың құрылымын да өзгерте аламыз.

Өйткені шын мәніндегі «Қазақстанда жасалған» деген белгі - өнімнің қазақстандық екенін ғана емес, оның артында қазақстандық технология, маман, жеткізуші, инвестиция және ел ішінде қалыптасқан қосылған құн тұрғанын білдіруі керек.

Берік Медянов,

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының

«Өнеркәсіп, отандық тауар өндірушілерді дамыту және қолдау»

салалық кеңесінің төрағасы, кәсіпкер