Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Atyrau Creative Days — Атырау облысының креативті жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Екі күндік шарада өңірден келген 20-ға жуық шеберлер өз жұмыстарын Астана тұрғындары мен қонақтарына ұсынады.
Бүгін ашылуы өткен шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысып, өңірдің шығармашылық индустрия өкілдерінің жұмыстарымен танысты. Вице-министр жәрмеңкеде ұсынылған қолөнер бұйымдары, дизайнерлік жұмыстар мен авторлық жобаларды аралап көріп, атыраулық креаторлардың еңбегіне назар аударды.
Шара барысында «Sarmad» тобы мен Атырау жастар театрының шығармашылық ұжымдары көрерменге музыкалық бағдарлама мен арнайы қойылымдарын ұсынды.

Жәрмеңкеде зергерлік өнер, сән, дизайн, ұлттық қолөнер, авторлық бұйымдар және заманауи бағыттағы туындылар қойылды. Келушілер ұсынылған жұмыстарды тамашалады.
Atyrau Creative Days бағдарламасы жәрмеңкемен шектелмейді. Екі күн ішінде көрме, сән көрсетілімі, театрландырылған қойылым, 3D технологияларға арналған жобалар және Creative Talks форматындағы кездесулер өткізеді. Creative Talks алаңында креативті индустрияның қазіргі бағыты, жаңа идеялар мен шығармашылық кәсіптің мүмкіндіктері талқыланады. Бұл кездесулер сала өкілдерінің тәжірибе алмасуына және жаңа байланыстар орнатуына мүмкіндік береді.