Қазақ арманын оятқан «Қара алтын»

Қазақ арманын оятқан «Қара алтын»

Қазақ киносы: кеше, бүгін және ертең(сараптама)

          Тәуелсіздің жылдарында түсірілген қазақ фильмдері бастапқыда көп сынға ұшырады. Отбасы, ошақ қасы, базар, ене мен келін, арзан күлкіге, шынайы емес драмаға, криминалға құрылған фильмдер көпшіліктің қазақ киносына деген  ықыласын азайтты, «қазақтар кино түсіре алмайды» деген пікірге келуіне себеп болды. Мүмкін қазақ кинематографы басында жеткілікті қаржы болмағандықтан кино өндірісі де құлдырап, оған деген сенім азайған болар. Ол кезде түсірілген фильмдер орта сападан да төмен, кинематограф үшін әліпби саналатын профессионал әдептен жұрдай, нашар кинолар еді.

Оның үстіне шығарылған дүниелердің сапасы туралы айтыла бастаса бітті ол сын айтқандарға ашық алаң, жеткілікті жеткізетін платформалар болмады ма деп те ойлаймын. Сын болмаған жерде сапа да қожырайтыны белгілі. Ақшасына сеніп, ат төбеліндей ғана топ көретін сапасыз фильмдердің Батыстағы, тағы басқа жерлердегі кинофестивальдерде көрсетілуі – біз сияқты рухани түлеуді, жаңа серпінді жобаны күткен жандарға түк те әсер етпеді. Көргенің, тіпті есте қалмайтын жағдайға жеттік. Кино сынымыз да мазмұндап беруден, жеңіл-желпі комментарийден, ресми репортаждан аспады. Міне, осындай жағдайда дүрмек арасында айтылған шын жақсы сөз елеусіз қалатын дағды қалыптасты.

Неге олай болды? Сонау тоталитаризм кезінде өмір сүрген режиссер Сұлтан Қожықов– «Қыз Жібек»көркем фильмін түсіріп,  мәңгі өлместей мұра етіп кетті емес пе?! Бұл – кешегі заманнан бізге аманат болып жеткен жақсы дүние. Әрине, кино өнері – шытырман, қиын өнер. Мәдениеттің алтын діңгегі.

Кеңестер Одағы тұсында халықты осы кино арқылы идеологиясын жүргізіп, тәрбиелегені белгілі. 

Бүгін ше? Қазіргі уақытта киноға деген талап күшейді ме, мазмұн, көңіл-күй өзгерді ме, білмеймін, адамгершілік, отбасы құндылығы, махаббат, тағы басқа тақырыптарға арналған басқа да жақсы фильмдер түсіріле бастады.Жаңа буын режиссерлеріміздің шығармашылығы біз күткендей қайыра сын сүзгісінен өтті ме,  «Нурикамал», «Ғашықпын саған», тағы басқа фильмдерден көпшілік жақсы әсермен шыққанын көрдік. Сүйсіндік.

          Қазіргі қазақ киносы туралы айтар болсақ, әсіресе, үмітімізді оятқан фильмдердің бірі – «Оян,қазақ!» пен «Қара алтын». Бұл фильмдер көптің ықыласына бөленді, халықтық сипат алды. Ұлт рухын биіктеткен, ана тіліміздің абыройын асқақтатқан туындылар. 

          «Қара алтын» – қазақ кинематографиясының түлеуі, жаңа толқынның келуі, өмірге мүлде басқаға ұқсамайтын жаңа фильмнің тууы дер едім. Режиссер Мұрат Есжан кино өнерінің туындыларын жақсылап зерттеп, ұлттық құндылықтарға басым, ең озық үрдіс, тәсілдерді қолдана білген. Осы тәсілдерді кино барысында шебер пайдалана білген, фильмдегі әрбір киім, қимыл, сөз арқылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі ахуалды сездіріп қана қоймай, мақсаты айқын, принципке берік, еліне де, өзіне де берекелі өмірді қалаған Қасымның әрекеті арқылы біздің әрқайсысымыздың кеудемізде ыңылдап жатқан ой-арманды, игі мақсатты шын мәнінде лаулатып, үміт отын жаққан талантты режиссер. Көркем туындының жалғыз өлшемі – шеберлік десек, бұл фильмде басты рөлді сомдаған Қуандық Қыстықбаевтың шеберлігі адамды қуантады. Бүкіл фильмнің ауыр жүгін абыроймен, жоғары кәсіби және шынайы рөлді ойнап шығуында дер едім. Оның елдегі бюрократизммен күресуі, тыңнан түре кәсіп ашуы, білімі, білігі шетелдегі алпауыт кәсіпкерлермен келіссөзде де отандық бизнестің дамуына мүдделі болуы, айтқан бетінен қайтпауы, қыздарына «Мақта қыз бен мысық» ертегісі арқылы шытырман оқиғалардың шебер өрілуі барлығы-барлығы тартымды, нанымды. Фильмде басты кейіпкердің өмір жолы қазақтың рухани өмірінде өлшеусіз орын қалдырып кеткен ақын, терең философ Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерімен қатар өрілуі – шығармашыл топтың адам жанын табудағы мол ізденісін аңғартады. Абайдан тәлім алған кемеңгер ақын, көрнекті жазушы, философ болып қалыптасқан Шәкәрім мұраларының тоталитаризм заманында жанашыр, жанкешті жандардың арқасында кейінгі ұрпаққа берілуі, кітаптарын түпнұсқадан көшіру сәттері – нанымды бейнеленген, жүректерді қозғайды.

Біз, қызық іздеген халық емеспіз, құндылық іздеген халықпыз. Ұлт тамырының тереңде жатқан нәрі, сусыны – бізді құлатпай осы заманға жеткізді. Оны кейінгі ұрпаққа дін аман жеткізу – біздің парызымыз, борышымыз. Кино соны санамызға сіңірді, жеткізді. Киноның ең басты құндылығы да осында.

Рольдердегі аудармашы Ұларбектің фальштан ада, таза қазақы болмысы, Жексембиннің жанашырлығы, Далабаевтың өктемдігі, қанша қиын сәтте де Қасымның қасынан кетпей, жұмысына көмектескен хатшы қыздың қылығы, сөздері де бәрі – артық сөзсіз, шынайы жүйелі бейнеленген.

Фильмнің түйінделер түсында – «Шәкәрім симфониясының» әлем сахнасында орындалуы, атадан қалған мұраның әкеден балаға берілуі – бүгінгі қазақ киносының ең шығар биігі, шыңы дер едім. Шебер түсірілген фильмнің соңғы нүктесі де шебер болады. Осы қарапайым ғана деталь уақыттың үлкен бейнесін жасаған. Кешегіміз өтті, бүгініміз өтеді, ертеңге не қалдырамыз – осы жәйт көпшілікті толғандырып, рухын биіктетті, ой салды. Кино өнерінің басты мақсаты да осы.

«Қара алтындағы» ой игілігі, идея – жоғалған ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, ұрпағымызды адами қасиетке баулып, білімге, өнерге, биік адамгершілікке,  елжанды болуға тәрбиелеудің басты құралына айналып отыр. Кемеліне келген өнер ғана үлкен жеміс береді. Естияр дүние таңғажайып әсерге қалдырды. Бұл фильм жаңадан шыққан кинотуындылардың басында тұр. Талантты режиссер Мұрат Есжаннан тағы да қабырғалы дүниелер күтеміз, үмітімізді үзбейміз. Кинозалға екі рет барып жүріп, кинодан түйген ойымыз осы. Барымызды бағалап, базарлай алмасақ, жөн сөзімізді кемеріне жеткізіп айта алмасақ, бұл енді – бізге сын.

Талантты туынды кешегі кеңестік миф ыдырап, жаңа ұрпақ өз жолын іздей бастағандағы екі арада, өліара шақта бұл фильм адамгершілік, ізгілік, ел мүддесін жоғары қою арқылы қазақ руханиятын тағы бір биікке көтереді. Әрине, жетпей қалған тұстары, кадрлары бар шығар, «Көш жүре түзеледі» демекші, ең бастысы, ниет дұрыс болғанда қазақ өнері де жақсы дүниелермен аспандай берері сөзсіз. Соған сенемін. Ал, ақшаң жетіп, тек өзің ғана түсінетін фильмдер түсіру көрермен санасын өсірмейді. Тек халықтық фильмдер ғана өнердің абыройын асырып, қадір-қасиетін өсіре береді. Бізге қазір керегі осы ғана.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ