Әлеуметтік желіні ақтара қалсаңыз жарнамадан көз сүрінеді. Жаныңызға керектінің барлығын сол жерден таба аласың. Алайда барлығына сенім арта беруге де болмайды. Себебі жарнама талайды жарға жығып жатқанында сол әлеужеліден байқап қалып жатамыз. Жақында ғана жаңа кинолар туралы ақпарат тарады. «Қара алтын» деген киноны көргендердің саны көп секілді. Желіде жарыса жазып жатты. Сонымен...
Біз үшін кино дегенің – Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры», қоюшы режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Бандыны қуған Хамиты», Бердібек Соқпақпаев жазған «Менің атым Қожа», Талғат Теменовтың «Гүлназы» еді. Бүгін буын алмасты. Әркім өз таңдауын жасайды. Көрерменге кино ұсынады. Барлығы бірдей елдің есінде қала бермеуі мүмкін. Десек те, киногерлердің ұсынар дүниелері жетерлік.
– Қазіргі таңда қазақ фильмдерінің көбісі бизнеске айналып кеткендей көрінеді. Дегенмен, оның арасында жақсы туындылар да бар. Мысалы, «Айқай-шу» фильмі – адамға жақсылық жасаудың, адамдық пен абыройдың қадірін көрсететін кино. Ал өзіме ең қатты ұнаған фильм – Zaman Back. Несімен есте қалды десеңіздер, ол жерде өзіміздің аңыз Заманбек ағамыз көрсетіледі. Экранда аз ғана секунд көрінсе де, жүрекке әсер етіп, көзге жас келтіреді. Тағы бір ерекше әсер қалдырған кино – «Рэкетир 1». Бұл фильм 90-жылдардағы қиын кезеңді, сол уақыттағы өмірді, адамдардың тағдырын және қоғамдағы өзгерістерді шынайы көрсетеді. Сол заманның атмосферасын жақсы жеткізгені үшін есте қалады, – деді жас көрермен Әбілмансұр Қаршыға. Бұл жастардың жарыса көрген кинолары. Талғамға талас жоқ. Кім нені көремін десе де, көзбайлау болмайды. Жақында ғана «Қара алтын» киносының жарнамасы жақсы тарады. Киноны көрген астаналықтардан сұрап көргенбіз.
– «Қара алтын» фильмін көріп, ерекше әсермен, үлкен оймен қайттым. Бұл жай ғана кино емес, адамға жігер беріп, өз-өзіне есеп беруге жетелейтін, жүрекке ой салатын туынды екен. Басты кейіпкердің қайсарлығы мен қайтпас мінезі, қандай қиындық кездессе де, мақсатына адал болып, алған бетінен қайтпайтын табандылығы ерекше әсер қалдырды. Оның еңбекке деген көзқарасы, маңдай термен жеткен жетістігі бізге «Арманға апарар жол ешқашан жеңіл болмайды, ең бастысы – тоқтамау» деген ойды ұқтырғандай. Кейде өмірде өзімізге күмәнданып, қиындыққа сылтау іздеп қалатынымыз бар. Ал бұл фильм сол сәттерде бір қадам алға басуға, берілмеуге, өз күшіңе сенуге шабыт береді. Кино аяқталғанымен, оның әсері көңілде ұзақ сақталатындай. Осындай мазмұнды туындыны тамашалап, керемет кештің куәсі болдым. Қазаққа керек нағыз туынды деп есептеймін. Ұрпақ тәрбиесіне үлес қосар осындай керемет фильм үшін мың алғыс, – деп ағынан жарылды «Экономикалық лицей» директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Бақытгүл Көшерова.
«Қара алтын» – бір адамның ғана емес, тұтас бір ұлттың сол дәуірдегі тағдырын көрсететін әсерлі дүние. Ел мен жерге деген адалдық, азаматтық борыш, ұлтқа қызмет ету идеясы Шәкәрімнің өлеңдерімен терең сабақтасқан. Мағыналы әрі тағылымды фильм. Осындай дүниелер көп болса жақсы ғой, – дейді жеке кәсіпкер Сайлаукул Аяпбергенова.
Бұл көрерменнің бір киноға берген бағасы ғана... Бұдан да басқа фильмдер жарыққа шығып жатыр. Бірі көңіліміз толмады десе, енді бірі көруге болатынын айтады. Сәл шегініс жасап көрсек, 2024 жылы Қазақстанда 514 фильм түсірілген. Оның 175-і ойын, 215-і деректі, 83-і анимациялық, 41-і хроникалық фильм екен. Отандық фильмдердің прокаттағы үлесі де өсіп келеді: 2021 жылы 31 фильм болса, 2022 жылы 60, 2023 жылы 79, 2024 жылы 94, ал 2025 жылы 103 отандық фильмге жеткен.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қолдаумен түсірілген алты фильм жарыққа шықты. Олар: «Гипноз», «Билет из рая», «Әбіл», «Осенний бриз», «Құт» және «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда». Соңғысы мемлекеттік қолдаумен түсіріліп, ел кинотеатрларында коммерциялық прокатқа шыққан алғашқы деректі фильм болды.