«Салп-салпыншақ анау үш өзен, Салулы ордам қонған жер» деп Қазтуған бабам жырлағандай, Сарыарқаның төсіндегі ақ ордамыз қонған жердің әр көшесін басып, аспанмен бой таласқан әр ғимаратын көрген сайын әр қазақтың бойын еркіндік пен асқақтық сезімі билейтіні анық.
Бірақ біздің осы қуанышымызға тиек болып отырған бұл қала бір күнде салынған жоқ қой. Мұндағы әр ғимараттың, әр шағын ауданның өз тарихы бар. Алып құрылыстардың әр кірпішінде қаншама жанның маңдай тері, қаншама еңбек адамының табанының табы қалды десеңізші. Аспанға тіреу болардай андыз-андыз болып тік шаншылған тұрғын үйлердің әр қабатында бір құрылысшының арманы, бір отбасының несібесі, бір адамның адал еңбегі жатыр. Міне біз тілге тиек еткелі отырған адам да сондай тағдырдың иесі. Ол осы елордамыздың құрылыстарының тарихын бір адамдай білетін қырық жылдан астам уақытын құрылыс саласына арнаған, осындағы көптеген еңселі нысандарының бой көтеруіне өз үлесін қосқан бірден бір маман Мырзахан Омаров деген азамат.
Мырзахан Бектұрғанұлы 1964 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы Кезеңсу ауылында дүниеге келген. Балалық шағы табиғатпен біте қайнасқан қарапайым ауылда өткен. Бірақ оның өмірлік бағытын ауыл емес, ауылда салынып жатқан жаңа үйлер айқындаған.
– Бала күнімде мектептен қайтар жолда жаңадан салынып жатқан үйлердің жанынан өтетінмін. Құрылысшылардың қалай жұмыс істейтінін қызықтап ұзақ қарап тұратынмын. Қасында жаңадан екі қабатты мектеп салынып жатты. Біз ойын баласымыз ғой, күнде барып қарап, құрылысшылардың әр қимылын қызықтайтынбыз. Сол кезде-ақ «мен де құрылысшы боламын» деген арман көңіліме ұялады, – деп балалық шағын еске алған құрлысшы мектепте «Өскенде кім боласың?» деген тақырыпта шығарма жазғанда да еш ойланбастан «құрылысшы боламын» деп жазғандығын айтады.
Сөйтіп, 1981 жылы мектепті тәмамдаған бойда Семей құрылыс техникумына оқуға түскен ол 1982-1984 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келеді. Кейін оқуын жалғастырып, техникумды сәтті тәмамдайды. Ол жылдары оқу басталғанша студенттер құрылыс алаңдарында еңбек ететін. Дәл сол кезеңде Семей қаласында Абай атындағы театрдың құрылысы жүріп жатады. Жас студент Мырзахан алғаш рет сол нысанның құрылысына араласып, театрдың шатырын жабу жұмыстарына қатысады.
Техникумды тауысқаннан кейін теорияны тәжірибемен ұштастыру үшін ол алғашқы еңбек жолын Талдықорған қаласында бастап, кәсіби құрылысшы ретінде қалыптасудың алғашқы баспалдағынан өтеді.
– Біз еңбек жолын Кеңес дәуірінде бастадық. Қазіргі техника ол кезде болған жоқ. Бір жұмысты атқару үшін бірнеше адамның күші қажет болатын. Қазір бір техника өзі қазады, өзі тиеп, өзі тасиды. Мұнаралы крандар да бұрынғыдай емес, мүмкіндігі өте жоғары. Мұның бәрі еңбек өнімділігін арттырды. Құрылысшылардың жұмысын да жеңілдетті. Бірақ қандай техника шықса да, құрылыстың сапасы ең алдымен адамның жауапкершілігіне байланысты, – дейді тәжірибелі маман.
Иә, қай кезеңде болмасын құрылыс саласы тек күш-қайратты ғана емес, үлкен төзімді талап ететіні анық. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамай еңбек ету, белгіленген мерзімге үлгеру, мыңдаған адамның қауіпсіздігіне жауап беру – бұл мамандықтың көзге көріне бермейтін жүгі қашанда. Мырзахан Бектұрғанұлы Семейде оқып жүргенде де, кейін Талдықорғанда жұмыс істеп жүрген кезде де бұл жолдың мамандықтың өзін елорданың ең көрнекті ғимараттарына алып барарын өзі де білген жоқ еді. Бірақ өмір оны өзі-ақ қазақтың бас қаласындағы құрылыстың басы-қасында болуға жазыпты. Сол тағдырының жетегінде ол кейін Астананың аспанмен таласқан сәулетті келбетін қалыптастыруға өз үлесін қосты. Әрине, оның көз алдында әр құрылыстың қанша уақытта біткені, қандай жағдайда басталғаны сайрап жатыр. Бірақ өмір болғанан кейін өкінетін де қуанатын да тұстары болады. Оның да құрылысшы ретінде тапқаны да жоғалтқаны да аз емес. Соның бірі маманның жүрегіне сыз болып қатқан мына бір оқиғаны баяндап бергенде біздің де қабырғамыз қайысып, бүгінгі күні сыртынан көз тартатын зәулім сарайдың осындай келбетке өздігінен келмегенін түсініп, үнсіз күрсініп қалдық. Бұл 2008 жылы болған оқиға екен. Елордада «Москва», «Санкт-Петербург» және «Пекин» тұрғын үй кешендерінің құрылысы қызу жүріп жатады. Құрылысшылар таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтауға күш салып жанталасып жатқан кез. Мырзахан Бектұрғанұлы да сол үлкен ұжымның белортасында жүреді. Сол күні олар «Москва» тұрғын үй кешенінің 13-қабатында жұмыс істеп жатқан. Кенет күтпеген жерден оттегі баллоны жарылып, алаңда әп-сәтте алапат апат орын алады. Бұл оқиға құрлысшының өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі болып қалған.
Уақытпен жарысу кейде қауіпсіздік талаптарының екінші орынға ысырылып қалуына әкелетінін айтады ол. Ал құрылыс саласында мұндай немқұрайдылықтың құны – адам өмірі екенін түсінген ол содан бері ол қай қызметте жүрсе де, ең алдымен қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қоятынын айтады.
Міне осылайша, 2004 жылдан бастап Астана қаласында мұнаралы кран машинисі, инженер, прораб қызметтерін атқарып, осы жылдар ішінде Basis-A, Highvill Astana, «Триумф Астана», «Изумрудный квартал», «Водно-Зеленый бульвар», «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университеті, «Москва», «Санкт-Петербург», «Пекин», «Времена года» («Весна-3»), Highvill Park 1, 2 тұрғын үй кешендері мен EXPO-2017 көрмесіндегі Оңтүстік Корея павильонының құрылысына қатысып, елорданың сәулетті келбетінің қалыптасуына өзіндік үлесін қосқан азамат бүгін де «NAMAR management» ЖШС-де тынбай еңбек етіп келеді. Міне осындай еңбек адамының еңбегі қашанда еленіп, ел есінде еңселі елордамызбен бірге Мырзахан Бектұрғанұлының есімі де әрдайым құрметпен атала берсін дегіміз келеді.