Қарттық қатер емес

Қарттық қатер емес

Қатар-құрбылары күннен-күнге келместің кемесіне  мініп, кеміген сайын  «Құрдасың қалмаса тойға барма» деген ауыр сөз қарттарға қарап айтылған. Бұл адамның кәріліктен қорыққаны ғана емес, жасы үлкендермен араласудан үріккендердің де қорқынышын жинақтаған «геронтофобия».

Жасыратын жоқ, жақынымызды жайына қойып, әлеу­меттік желілерде сөз бола қалған қарттар туралы жазба көрсек, алдымен «асарын асады, жасарын жасады, жастармен жағаласпаса қайтеді» деген ой жылтың ете қалатыны рас. Осы ой жер ортасына келген біздерді де тежейді. Себебі мына заманда егде адамның әлеуметтік құндылығы азайып барады. Заманына қарай бүгінгі қарт әулеттің төрінде берекелі отбасының темірқазығы емес, әрі кетсе, немерелерін мектеп пен балабақшаға таситын тегін қызметшіге айналды. Ата-әженің тәрбиелік рөлі өзгерді. Немерелеріне әулетінің тарихын жеткізіп, шыққан тегі, ұлты туралы алғашқы түсініктерін мығымдап, ұрпақтар арасындағы байланыстың қалыптасуына жауапты екеніне мән бермейді. Бір күндік тірлікпен алыстырып қойған қоғам да ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауын жалғайтын міндеті құптала бермейді. Жас ұрпақ атасы мен әжесінің мейірімін көрмеген соң, өсе келе қарттармен қалай амандасып, қалай сөйлесуді білмейді. Ата-әжелердің самарқау­лығынан жас өркеннің өзіндік бірегейлігі айшықталмай, ата-бабаларының мұрасымен байланысы үзілер-үзілмес болып тұр. Бала да әулеттің бір бөлшегіндей сезіне алмай, ұлт, әулет алдындағы жауапкершілігі мен құрметі кеми түсуде.

Әрине, кәрілікпен бірге келетін жалғыздық, азғантай зейнетақы – кәрілікті көркейтпейді. Бірақ егде жастағы адам, күш-қуаты әлсіреген дәрменсіздігінен емес, қоғамның әлеу­етті толыққанды мүшесі емес екендігін сезініп қорғаштанады. Мұндай жағдай қарттардың өзін-өзі оқшаулауына әкеледі. Олар қоғамнан шетқақпайланған сайын, әлеуметтік мәртебесін жоғалтудан бастап, бала-шағасына тәуелділіктің артуынан қатты күйзелісті бастан өткереді. Осылайша, көп жағдайда егде жастағы адамдар өздерінің жаңа жағдайын қабылдауға, өзін-өзі танытудың қолжетімді мүмкіндіктерін пайдалануға дайын болмай шығады және өздерін қоғам жапсыр­ған көзқарастар мен стереотиптер тұрғысынан қабылдайды. Аға ұрпақтың қадірін жете бағаламайтын жастар қарттарды отбасындағы масылға, қоғам үшін ауыртпашылықтай көретіні жасырын емес. Олар үшін зейнетке шыққан адамның өмірі осымен біткендей, тек  үндемей отырып, ажалын күтіп отыру ғана қалды деп ойлайтындар да жоқ емес. Тіпті олардың қоғамға икемделіп, өз орнын табуға талпынуын да ерсі көріп жатады.

Егде жаста атқарған жұмыс­тың да берекесі жоқ, «не қатырар дейсің?» деп жұмысына күмәнмен қарайтындар табылады. Талабы таяз, өнімсіз жұмыскерлер кез келген жаста да кездесуі мүмкін. Бірақ аға толқын өкілдерінің жауапкершілігін жоққа шығаруға болмайды. Көптеген елдерде, әсіресе, Жапонияда, қарттардың еңбегі қолданысқа ие.

Сонда да таптауырын болған жағымсыз геронтологиялық стереотиптер жасы келген адамдардың әлеуметтікке бейімделіп, өмірде болып жатқан оқиғаларға тартылуына кедергі болып тұр. Егде жастағы адамдар «пайдасыз» деген түсініктер үстемдік етеді. Бұл көптеген жылдар бойы қалыптасқан, үнемі күтімді қажет ететін және дені сау халыққа салмақ түсіретін қарт адам туралы қоғамдық стереотиппен түсіндіріледі. Нәтижесінде, қоғамдық санада егде жастағы адамдарды әлеуметтің толыққанды, белсенді мүшелері ретінде қарастыруға қалыптас­қан көзқарас ықпал етіп отыр.

Егде тартқан азаматтардың қоғамға материалдық және рухани пайда әкелу мүмкіндігі мен қабілеті ескерілмейді. Елімізде күміс еріктілер қозғалысы аса дамыған жоқ, бұл да қажетсіз қарттыққа қарсы сеп болар еді.  Қалалық жерде аула клубы да қарттарға көп қолдау көрсететін. 

Жалпы алғанда, адам жасының ұлғаюы, кәрілік туралы жағымсыз стереотиптердің терістігін дәлелдейтін, керісінше, егде жастағы адамдардың позитивті бейнесін қалыптас­тыратын әлеуметтік жарнама жасап, қазақ қариясының бейнесін жасау қажет.

Егде жастағы адамдармен сабақтар өткізу, оның аясында оларға өздерінің жағымсыз геронтостереотиптерін еңсеруге және бос уақыттарын оңтайлы ұйымдастыруға, егде жастағы адам мәртебесінде өз орнын табуға көмектесу қажет. Бұл ретте астаналық белсенді және ұзақ өмір сүру орталықтары жақсы жұмыс істеп жатыр деуге болады.

Кез келген емханада егде жастағы адамдармен жұмыс істейтін геронтолог кабинеті болғанының артығы жоқ. Қарттармен жұмыс істейтін мамандар қатарын көбейтіп, геронтологиялық бейіндеуді жүзеге асыруға болады. Кәрілік пен қартаюды дұрыс қабылдауға бағытталған жұмыстар қария­лардың өмір сапасына қан жүгіртіп, өзінің дәрежесіне сай мақсатын анықтап, өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түсінуге көмектеседі.

«Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді» дегендей, кәрілікті қабылдау да, құптау да, түсіну де қажет. Өйткені жер тұрғындарының жасамыс тартып келе жатқаны жасырын емес. Оның жағымды үлгісін насихаттап, қалыптастырудың қажеттілігі бар. Үлкенді сыйлап өскен халықпыз, кәрі қойдың жасындай өмірі қалған адам көп нәрсе қаламайды. Ешкімге, соның ішінде өзіне де ештеңе дәлелдемейді. Ол ештеңеге ұмтылмайды, бірдеңеге қол жеткізуі неғайбыл. Сонда не істемек? Ол тек қана бар, әлі келместің кемесіне мінген жоқ. Жағалауда тұр. Кейде сәби сияқты, кейде жанындағылардың мазасын алады. Кейде мына дүниенің соңғы жарығын көріп тұрғанын сезінетіндей қамығады. Бұл өмір, жаратылыс.