Қарқынды даму үстіндегі индустрия

Қарқынды даму үстіндегі индустрия
фото: Сұлтан Сейіт

Елордадағы №1 Индустриялық парк аумағында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Журналистер елорданың заманауи өндіріс орындарын аралап, өнеркәсіп саласына енгізіліп жатқан озық технологиялармен, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың даму барысымен танысты.

Жұмыспен қамтуға серпін берді

Бүгінде өнеркәсіп елорда экономикасының басты қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанада 2 трлн 256,2 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 111,9 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 94,9 пайызға жетіп, қаланың экономикалық өсіміне негізгі серпін беріп отыр.

Өнеркәсіптік әлеуетті арттыруда «Астана – жаңа қала» және «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймақтарының маңызы зор. Қазіргі уақытта №1 Индустриялық парк аумағында жалпы құны 369 млрд теңгеден асатын 145 жоба жүзеге асырылуда. Оның 100-і іске қосылып, өнім шығарып жатса, тағы 45 жоба іске асыру сатысында. Сонымен қатар өндірістердің 30-дан астамы шетелдік инвесторлардың қатысуымен қолға алынған. Бұл қаланың жұмыспен қамту ісіне де айырықша серпін берді. Нақтылап айтсақ, арнайы экономикалық аймақтарда бүгінде 7 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жаңа жобалар іске қосылған кезде тағы шамамен 2,5 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар №2 Индустриялық парк те кезең-кезеңімен дамытылуда. 2029 жылға дейін мұнда жалпы құны 500 млрд теңгеге жуық 100-ден астам өндірістік жоба жүзеге асырылып, шамамен 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Сары алтынды сапырған

Баспасөз турының алғашқы нысаны – «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты болды. «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының құрамына кіретін кәсіпорын құрамында алтын бар шикізатты қабылдаудан бастап халықаралық стандарттарға сәйкес келетін алтын құймаларын шығаруға дейінгі толық өндірістік айналымды жүзеге асырады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 50 тоннаға дейін алтын өңдеуге мүмкіндік береді.

-Тек өткен жылдың өзінде 56 тонна тазартылған алтын және 6 тонна тазартылған күміс өндірдік. Өндіріс көлеміміз жыл сайын арту үстінде. Құймаларымыздың сапасы да халықаралық талапқа толық сай келеді. Зауытта өндірілетін алтынның тазалығы 99,99 пайызды құрайды және Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының (LBMA) халықаралық талаптарына толық сәйкес келеді. Мұнда өндірілген алтын Қазақстанның алтын-валюта резервтерін толықтыруға пайдаланылады,– деді «Тау-Кен Алтын» ЖШС техникалық директоры Зекаил Түлюбаев.

-Биыл кәсіпорынға жаңа жабдықтар, жаңа электролиз ванналары орнатылды. Соның нәтижесінде өндіріс қуаты екі есеге артты. Бұрын жылына шамамен 25 тонна алтын өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 50 тоннаға дейін жетті. Ал күміс өндірісі жылына шамамен 70 тоннаны құрайды,- деді балқыту және құю цехының басшысы Қожан Мұратбеков. 

Жауапты басшыларының айтуынша, кәсіпорында 80-нен астам білікті маман еңбек етеді. Өндіріс толық автоматтандырылған желілер арқылы жүргізіліп, жасанды интеллект негізіндегі болжамды техникалық қызмет көрсету жүйелері енгізілген. Бұл ықтимал ақауларды алдын ала анықтап, өндірістің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге де ерекше көңіл бөледі. Бұл ресурстарды қайта пайдалануға, шикізатты тиімді игеруге және тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді.

Өндірісі түлеген жаңа зауыт

Баспасөз турының екінші нысаны Астана күні қарсаңында пайдалануға берілген – полипропиленнен блокты-модульді тазарту құрылыстарын өндіретін «TAZAU» зауыты болды. Кәсіпорын жылына шамамен 200 өнім бірлігін шығара алады және мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Биылғы жылдың соңына дейін кәсіпорынды толық өндірістік қуатқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Біздің зауыт блокты-модульді тазарту құрылыстарын өндіруге маманданған. Мұнда заманауи жергілікті тазарту қондырғылары, кәріздік тазарту құрылыстары және кәріздік сорғы станциялары шығарылады, – деді «TAZAU» зауытының бас директоры Андрей Беляев.

Зауыт жергілікті тазарту құрылыстарын, кәріздік тазарту жүйелері мен кәріздік сорғы станцияларын өндіреді. Полипропиленнен жасалған блокты-модульді қондырғылардың беріктігі мен ылғалға төзімділігі жоғары болғандықтан, олар коммуналдық және өнеркәсіптік инфрақұрылымда кеңінен қолданылып келеді. Осы арқылы кәсіпорын отандық нарықты жоғары технологиялық өніммен қамтамасыз етіп, импортты алмастыруға және еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосуда.

Баспасөз туры елордадағы өнеркәсіптің даму қарқынын, өндірістердің жоғары технологияларға бет бұрғанын және импортты алмастыру бағытындағы нақты нәтижелерін айқын көрсетті. Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, халықаралық стандарттарға сай өнім шығару және жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы Астана еліміздің ірі индустриялық орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтып келеді. Бұл өз кезегінде экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.