Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен бірге «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, ағаш отырғызу арқылы елге жанашырлықты сөзбен емес, нақты іспен көрсетудің үлгісін әрдайым көрсетіп келеді. Жастарға арнаған кешегі сөзінде ол тарихи сана мен қоғамдық сананың маңызын тереңінен қозғап, үлкен ой салды.
Президентіміз тазалықты экологиямен шектемей, оны адам мәдениетімен, қоғамдық жауапкершілікпен, ел бірлігімен және мемлекеттің өркендеуімен байланыстырды. Ұлттық тазалық стандарты, вандализмге тосқауыл қою, қалаларымызды көркейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін көтерді. Бұл - тазалықты бір күндік науқаннан күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған маңызды ұстаным.
Президенттің сөзіндегі тағы бір маңызды ой - елдің тазалығы оның халықаралық беделі мен инвестициялық тартымдылығына да тікелей әсер етеді. Жайлы әрі таза орта өздігінен қалыптаспайды, ол әр азаматтың дүниетанымына, тәртібіне және күнделікті әрекетіне байланысты. Сондықтан «Таза Қазақстан» - қоршаған ортаны ғана емес, қоғамның ойлау жүйесін өзгертетін, саналы құндылықтарды қалыптастыратын бастама.
Осы тұста Қаныш Сәтбаевтың «Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген ...» деп басталатын сөзі ойға оралады. Туған жерді сүю - оның тарихын мақтан тұтумен шектелмесе керек, табиғатын қорғап, әрбір ағашына, әрбір көшесіне жанашырлық таныту нағыз қамқорлықтың белгісі.
Мемлекет басшысының шынайы қамқорлығын нақты іспен жалғастыру - бәрімізге ортақ міндет. Біз қабылдайтын заңдар да, атқаратын жұмыстарымыз да адамның өмір сүруіне жайлы, қауіпсіз әрі таза орта қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Президент көрсеткен өнегені әрқайсымыз өз ісімізбен жалғастыра білсек, «Таза Қазақстан» ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ұлттық құндылыққа айналады. Өйткені елге деген шынайы сүйіспеншілік - оның ертеңіне бүгіннен қамқор болу!
Шолпан Каринова,
Құрылтай депутаты