Елордада "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында оқушылар мен педагогтерге арналған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараға елордалық мектептердің 600-ден астам оқушысы қатысты. Кездесу барысында Полиция департаменті, прокуратура және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысушыларға қауіпсіздік мәселелеріне қатысты өзекті тақырыптар бойынша дәрістер өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуде кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға ерекше назар аударылды. Мектеп оқушыларына есірткінің заңсыз айналымына тартылу қаупі, ойланбай жасалған әрекеттердің салдары және заңнамада көзделген жауапкершілік түсіндірілді. Сондай-ақ интернеттегі қауіпті ұсыныстарды қалай ажыратуға болатыны және жеңіл жолмен табыс табуға уәде беретін хабарландырулардың ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екені айтылды.
Оқушылар алдында Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Мирзада Сейткали де сөз сөйледі. Ол жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупіне жан-жақты тоқталып, мектеп оқушыларын осындай ұсыныстарға осал ететін факторлар туралы айтып берді. Сонымен қатар қысымға төтеп беру, арандатуға ермеу және күмәнді ұсыныстардан бас тарту жолдарын түсіндірді.
Есірткі қаупінің алдын алу – ортақ жұмысты талап етеді. Елордалық полиция қала мектептерінің барлығында тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізіп, оқушылар мен педагогтермен тығыз өзара іс-қимыл жасап келеді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жасөспірімдерге орын алуы мүмкін қауіптер туралы дер кезінде ескертіп, дұрыс әрі қауіпсіз таңдау жасауға көмектесу.
Кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.