«Өңірлік резерв – болашақ бастауы»

«Өңірлік резерв – болашақ бастауы»

Өңірлік кадр резерві – жастарға үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын бірегей жоба. Аталған жоба арқылы көптеген жас мамандар өз әлеуетін жүзеге асырып, мемлекеттік қызмет саласында табысты мансап құруда. Бұл жоба жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, оларды жауапты шешімдер қабылдайтын басқару үдерістеріне тартуға және өңірлерде білікті кадрлар пулын қалыптастыруға бағытталған. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, бүгінде Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалған резервші Ерназаров Әсет Сағитұлынан өңірлік кадр резерві жайлы пікірін білген едік...

– Әсет Сағитұлы, Сіз Өңірлік жастар кадр резервіне қабылдандыңыз. Осы жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Мен бұл жаңалықты оң қабылдадым. Оны өзімнің кәсіби дамуымдағы маңызды кезең деп санаймын. Себебі бұл ең алдымен менің потенциалымды мойындауы және дұрыс бағытта келе жатқанымды дәлелдейді. Дегенмен, бұл соңғы мақсат емес, керісінше әрі қарай өсуге мүмкіндік, кәсіби дағдыларымды жетілдіру және тиімді мемлекеттік қызметке дайын болу дегенді білдіреді.

– Өңірлік жастар кадр резервін қалыптастыру және іріктеу кезеңдері туралы не айтар едіңіз? Бұл үдеріс Сіздің ойыңызша қаншалықты әділ өтті?

– Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады: құжаттарды қабылдау, тестілеу, құзыреттілікті бағалау және сұхбат. Менің ойымша, іріктеу процесі қажетті деңгейде айқын болды: кезеңдері түсінікті әрі құрылымды түрде өткізілді. Барлық кандидат бірдей процестен өтті, бұл барлығына тең жағдай қамтамасыз етті.

– Өңірлік кадр резерві туралы көзқарасыңыз және аталған жоба жастарға қандай мүмкіндіктер береді деп ойлайсыз?

– Менің пікірімше, өңірлік жастар кадрлық резерві – мемлекеттік қызметті дамытуға арналған тиімді құрал. Өйткені бұл жоба қоғам үшін қызмет істегісі келетін жас әрі перспективалы мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көптеген адамдар үшін бұл тек қызметке орналасу емес, сонымен бірге, кәсіби даму орны: іріктеу процесі барысында қатысушылар тәжірибе жинап, мемлекеттік қызмет жүйесін түсінеді. Сондықтан, мен бұл жобаның білікті кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруға көмектесетініне сенемін.

– Әсет Сағитұлы, өзіңіз бірнеше жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрсіз. Мемлекеттік қызметке деген көзқарасыңыз қандай?

– Мен мемлекеттік қызметке құрметпен қараймын және оны жауапкершілігі жоғары сала деп есептеймін, өйткені ол тікелей қоғам мүддесімен байланыс­ты. Мен үшін өз ісімнің нақты нәтиже бергені маңызды: елорда үшін оң өзгерістер енгізу. Сондықтан мен осы жауапкершілікті адамдардың өмір сапасын жақсарту үшін қабылдауға дайынмын.

– Ал жастардың мемлекеттік басқарудағы рөлі туралы не айтасыз және осы резервке қатысуды жоспарлап жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жастар – қоғамның қозғау­шы күші, жаңаруға бағытталған ресурс, болашақ қоғамды қалыптастыратын күш. Олар жаңа идея­лардың көзі; өз энергиясымен жалын тұтататын шырақ сияқты. Олар бастамашылдық пен заманауи көзқарасты әкеле отыра мемлекеттік басқаруда атқарар рөлі үлкен.

Мен осы резервке қатысуды жоспарлап отырған жастарға әр кезеңге мұқият дайындалуды, өз дағдыларын дамытуды, өзіне сенімді болуды және жаңа тапсырмаларды орындаудан қорықпауын кеңес беремін. Себебі дәл осының арқасында кәсіби ғана емес, жеке тұлға ретінде өсуге болады.

– Әсет Сағитұлы, ашық әрі мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!