Он бесінші Almaty Marathon өтті

Он бесінші Almaty Marathon өтті
фото: видеоскрин

Алматыда 15-ші Almaty Marathon өтті. Жарысқа 66 елден 16 000 адам қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Биыл марафон шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты – Алматыға басқа мемлекеттерден 1 534 жүгіруші келді.

Ең көп қатысушы Ресейден болды – 550 адам. Одан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген спортшылар тіркелді.

Жарысқа сондай-ақ Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Швейцария, Жапония, Үндістан, Малайзия, Филиппин, Индонезия және Сингапурдан келген қатысушылар шықты. Сонымен қатар Канада, Бразилия, Аргентина, Аустралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка Республикасы, Марокко, Кения және Нигериядан да жүгірушілер болды.

Тағы бір рекорд негізгі қашықтықта тіркелді – 42,2 шақырымдық марафонға 1 614 адам қатысуға өтінім берген.

2018 жылдан бері алғаш рет ұйымдастырушылар жарыс бағытын толық жаңартты. Марафон қашықтығы бір айналыммен Алматының орталығы мен тарихи бөлігін қамтып, Абай алаңынан Республика алаңына дейін өтті.

Халықаралық қонақтардың бірі – 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы Юки Каваучи болды. Бұл оның Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жарысы.

Марафон Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.