Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмалары аясында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды жетілдіру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында жоғары құқықтық, азаматтық жауапкершілік пен конституциялық құндылықтарды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмысты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Адами капиталды, білім беруді, ғылымды, инновацияларды дамыту жаңа Конституцияда мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өткім келеді.
Жауапкершілігі жоғары азаматты тәрбиелеу – білім және ғылым саласының негізгі міндеттерінің бірі. Жас ұрпақтың жасампаз құндылықтары мен дүниетанымын қалыптастыру бойынша жүйелі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қажет»,
— деп атап өтті Премьер-министр Үкімет отырысында.
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне білім алушылардың конституциялық-құқықтық мәдениетін, құқықтық сауаттылығын және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру бойынша тұрақты жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.
«Жаңа Конституцияны зерделеуге, заң үстемдігі қағидаттарына және адам құқықтарын құрметтеуге бағытталған заманауи білім беру және тәрбие тәсілдерін енгізуді қамтамасыз еткен жөн. Біз бәсекеге қабілетті маманды ғана емес, еліміздің болашағы үшін тікелей жауапкершілікті сезінетін азаматты да тәрбиелеуіміз керек.
Әрбір жауапты басшы жаңа Конституцияны жүзеге асыру үшін және Әділетті, Күшті, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құру жолында бар күш-жігерін жұмсайтынына сенімдімін»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.