Астана қаласының Нұра ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызуға арналған экологиялық акция өтті. Экоакцияға «Әділет» жекеменшік мектептер қауымдастығының, «Әділет» партиясы әйелдер қанатының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Экоакцияның негізгі мақсаты – ағаш отырғызумен ғана шектелмей, ортақ кеңістікке деген жауапкершілікті арттыру. Яғни қоршаған ортаға қамқорлық тек өз аулаңмен шектелмей, бүкіл ауданның тазалығы мен абаттандырылуына бағытталуы тиіс.
Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова тұрғындардың белсенділігін атап өтті.
«Мұндай бастамалардың негізгі идеясы – өз аулаңмен ғана шектелмей, айналадағы ортаға да қамқорлық таныту. Бұл – баршамызға ортақ қалаға деген жауапкершілік», – деді ол.
Өткен аптада аудан аумағында 800-ден астам ағаш отырғызылды. Осы аптада тағы 400-ге жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде жұмыстар Үркер тұрғын алабында да жүргізіледі.
Жалпы, 2026 жылы Нұра ауданында 8,5 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan