2026 жылғы 4–5 шілде күндері Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының North Kazakhstan Heritage Weekend креативті жәрмеңкесі өтіп, оған 1,5 мыңнан астам адам келді және 4,9 млн теңгенің өнімі сатылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Ботай – Ұлы дала мәдениеті» тақырыбымен ұйымдастырылған іс-шара өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық қолөнерін, креативті экономикасын және заманауи цифрлық технологияларын бір алаңда тоғыстырды. Жәрмеңке барысында халық шеберлерінің туындылары, авторлық брендтер, этнодизайн, зергерлік бұйымдар, дизайнерлік киімдер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары және өңір креаторларының өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шарамен Қазақстан Республикасы Премьерминистрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысып, өңір креаторларының еңбегіне жоғары баға берді. Іс-шара бағдарламасы аясында этностильдегі сән көрсетілімдері, Ботай мәдениетіне арналған экспозициялар, қыш өнері, дәстүрлі кілем тоқу, ағаш өңдеу, ұсталық өнер және киіз басу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар өңірдің креативті экономикасы мен өңірлік брендтері таныстырылып, келушілерге өнімдерді сатып алу мүмкіндігі ұсынылды. Жәрмеңкенің маңызды бағыттарының бірі заманауи креативті индустрияларға арналды. «Цифрлық киіз үй» интерактивті кеңістігінде виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR/AR), GameDev, жасанды интеллект, анимация, робототехника және цифрлық технологиялар саласындағы жобалар ұсынылып, Солтүстік Қазақстан облысының инновациялық әлеуеті таныстырылды. Сондай-ақ өңір авторларының анимациялық, деректі және қысқаметражды фильмдерінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Екі күннің қорытындысы бойынша креативті жәрмеңкеге 1 535 адам келді. Өңір креаторлары мен қолөнершілерінің өнімдері мен көрсеткен қызметтерін өткізудің жалпы көлемі 4,9 млн теңгені құрады.

Бұл көрсеткіш елорда тұрғындары мен қонақтарының отандық брендтерге, өңірлік өнімдерге және креативті индустрия өкілдерінің шығармашылығына деген жоғары қызығушылығын айқын көрсетті. Creative Aimaq – өңірлік креативті индустрияларды дамытуға, отандық брендтерді қолдауға, шығармашылық кәсіпкерлікті ілгерілетуге және Қазақстанның барлық өңірінің мәдени әрі креативті әлеуетін танытатын бірыңғай алаң қалыптастыруға бағытталған республикалық жоба. Солтүстік Қазақстан облысының North Kazakhstan Heritage Weekend креативті жәрмеңкесі ұлттық мұра мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, өңірдің шығармашылық әлеуетін кеңінен таныстыруға, креативті экономиканы дамытуға және отандық креаторлардың өнімдерін ілгерілетуге маңызды үлес қосты.