Мүгедектігі бар адамға техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қорғау шараларын тағайындау кезінде оның диагнозымен қатар, функционалдық мүмкіндіктері мен күнделікті өмірдегі шектеулері ескеріледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде «Медициналық-әлеуметтік сараптама: оңалтудың техникалық құралдарына және әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілікті айқындау тәртібі» тақырыбында өткен онлайн баспасөз конференциясында Халықты әлеуметтік қopғay саласындағы реттеу жане бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Асқар Аймағамбетов айтты.
Оның сөзінше, Астанада мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. 2026 жылдың 8 айында Қазақстан бойынша мүгедектігі бар адамдарды техникалық қосалқы құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету бойынша 415 мың шара жүзеге асырылды. Астанада осындай 32 514 шара көрсетілді. Бұл ретте адамның қажеттілігін жеке анықтауға ерекше мән беріледі. Шешім тек белгіленген диагнозға ғана емес, ағза функцияларының бұзылу сипаты мен дәрежесіне, тіршілік әрекетінің шектелуіне, функционалдық мүмкіндіктеріне, оңалту әлеуеті мен болжамына қарай қабылданады.
Астанада 32 мыңнан астам қолдау шарасы көрсетілді
2026 жылдың 8 айында елордада 4 468 адам протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында ортопедиялық аяқ киім, протездер, ұлтарақтар, жүріп-тұруға арналған құралдар, балдақтар, корсеттер, бандаждар және басқа да құралдар бар. Сурдологиялық құралдармен 638 адам қамтамасыз етілді. Олардың ішінде есту аппараттары, сөйлеу процессорлары, ұялы телефондар, есту қабілеті төмен адамдарға арналған сағаттар, веб-камералары бар ноутбуктер, сигнал беру жүйелері және дыбыс шығаратын аппараттар бар. Тағы 1 037 адам тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында арнайы таяқтар, оқу құрылғылары, бағдарламалық қамтамасыз етілген ноутбуктер, Брайль жүйесін пайдаланатын құрылғылар, телефондар және басқа да құралдар бар. 963 мүгедектігі бар адам кресло-арбамен, 6 801 адам санаторийлік-курорттық емделумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 15 076 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілсе, 2 970 адамға жеке көмекші қызметі көрсетілді. 561 адам ымдау тілі маманының қызметін алды. Техникалық оңалту құралдары мен қызметтер жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасы негізінде тегін ұсынылады. Олар қолданыстағы шектеулердің орнын толтыруға және адамның күнделікті өмірдегі дербестігін арттыруға бағытталған.
Қажеттілік жеке тәртіппен анықталады
Бір диагноз қойылғанның өзінде әр адамның функционалдық шектеулері айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан диагноздың өзі бірдей техникалық құралды автоматты түрде тағайындауға негіз болмайды. Қажеттілікті анықтау кезінде мамандар адамның ағза функцияларында қандай бұзылыстар бар екенін, олардың қаншалықты айқын екенін және адамның өздігінен қозғалуына, өзін-өзі күтуіне, бағдарлануына, қарым-қатынас жасауына, білім алуына және еңбек қызметін жүзеге асыруына қалай әсер ететінін бағалайды. Мысалы, кресло-арбаға қажеттілікті анықтау кезінде аяқтың функциясының бұзылуы ғана ескерілмейді. Отыру қалпын және тепе-теңдікті сақтау қабілеті, қолдың функционалдық мүмкіндіктері, қозғалыс құралын өздігінен басқара алу қабілеті және басқа да ерекшеліктер маңызды. Осылайша, негізгі қағидат аурудың өзін ғана емес, оның адамның күнделікті өміріне нақты әсерін бағалауға негізделеді.
Қажеттілікті бағалау қалай жүргізіледі
Процесс медициналық деңгейден басталады. Медициналық ұйым қажетті диагностикалық, емдеу және оңалту шараларын жүргізеді. Дәрігерлік-консультациялық комиссия медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама қалыптастырып, қажетті медициналық мәліметтерді, оның ішінде мамандардың қорытындыларын, тексеру нәтижелерін және әзірленген жағдайда жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасының медициналық бөлігін ұсынады. Бұдан кейін медициналық-әлеуметтік сараптама мамандары кешенді бағалау жүргізіп, өз құзыреті шегінде қажетті әлеуметтік қорғау шараларын анықтайды.
Сараптама барысында бірнеше негізгі факторлар кезең-кезеңімен бағаланады.
Біріншіден, медициналық құжаттар, тексеру нәтижелері, мамандардың қорытындылары және ауру динамикасы туралы мәліметтер зерделенеді.
Екіншіден, ағза функцияларының, оның ішінде қозғалыс, көру, есту, сөйлеу және басқа да функциялардың бұзылу сипаты мен дәрежесі анықталады.
Үшіншіден, бұл бұзылыстардың адамның тіршілік әрекетіне және оның өзін-өзі күту, қозғалу, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, білім алу және еңбек қызметін жүзеге асыру қабілетіне әсері бағаланады.
Төртіншіден, оңалту әлеуеті мен болжам ескеріледі. Бұл қандай шаралардың бұзылған функцияларды қалпына келтіруге немесе олардың орнын толтыруға және адамның дербестігін арттыруға ықпал ететінін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нақты техникалық құралды пайдалануға немесе тиісті қызметті алуға медициналық және медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер ескеріледі.
Шешімнің сапасы медициналық ақпараттың толықтығына байланысты
Қажеттілікті объективті айқындау үшін өзекті әрі дұрыс медициналық мәліметтердің маңызы зор. Құжаттар адамның денсаулық жағдайын, тексеру нәтижелерін, функцияларындағы бұзылыстарды және жүргізілген оңалту шараларын көрсетуі тиіс. Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау кезінде медициналық тексерудің толықтығы мен құжаттарды сапалы рәсімдеуді медициналық ұйым қамтамасыз етеді. Өз кезегінде МӘС мамандары ұсынылған мәліметтер мен белгіленген өлшемшарттар негізінде кешенді сараптамалық бағалау жүргізеді. Мұндай тәсіл адамның жеке ерекшеліктерін ескеруге және оның функционалдық шектеулерінің орнын толтыру үшін нақты қандай құралдар мен қызметтер қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Оңалтудың басты мақсаты – адамның дербестігі
Медициналық-әлеуметтік сараптама тек мүгедектік фактісін анықтауға бағытталмайды. Оның міндеті сондай-ақ адамның тіршілік әрекетіндегі шектеулерді және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау болып табылады. Қажеттілікті сапалы анықтау дұрыс медициналық мәліметтерге, функционалдық мүмкіндіктерді объективті бағалауға, бірыңғай өлшемшарттарды қолдануға және жеке тәсілге негізделеді. Түптеп келгенде, техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер мүгедектігі бар адамның күнделікті өмірде барынша дербес болуына, білім алуына, еңбек етуіне, қарым-қатынас жасауына және қоғамдық өмірге қатысуына мүмкіндік беруі тиіс.