Медиа және цифрлық платформалар

Медиа және цифрлық платформалар

Астанада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырған «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» атты сарапшылар алаңы өтті. Іс-шараға қатысушылар цифрлық дәуірдегі саяси коммуникацияның трансформациясын, сайлау­алды үгіт-насихатта жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін, жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ электоралдық мінез-құлықтың заманауи үрдістері мен саяси партияларға қатысты қоғамдық күтулерді талқылады.

Саяси коммуникацияның эволю­циясына арналған бірінші сессияның модераторы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов жасанды интеллект пен жаңа цифрлық құралдар сайлау науқандарының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын, алайда басты фактор азаматтардың ақпаратқа деген сенімі болып қала беретінін атап өтті.

«Сондықтан жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану және сайлаушыларды қорғау тетіктерін дамыту алдағы электоралдық циклдерде барған сайын маңызды рөл атқаратын болады», – деді ол.

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев жасанды интеллектінің көмегімен жасалған контентті заңнамалық тұрғыдан реттеу және міндетті түрде таңбалау қажеттігіне тоқталды. Ол цифрлық сауат­тылық мәселесіне ерекше назар аударып, азаматтардың жеке деректерін қорғау­ға жеке қауіпсіздік мәселесіндегідей жауап­кершілікпен қарауы қажет екенін, сонымен қатар жасанды интеллект контентінің дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің халықаралық цифрлық платформалармен және технологиялық компаниялармен өзара іс-қимылы туралы айтты.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ОКҚ Дезинформацияға қарсы күрес орталығының басшысы Руслан Бекарсланов жалған ақпаратпен тиімді күресу үшін ресми ақпарат көздерінің жедел жұмысы, фактчекинг мәдениетін дамыту және қоғамның цифрлық сауаттылығын арттыру қажет екенін атап өтті. Айтуынша, жалған ақпаратты анықтап қана қоймай, оның қалай пайда болып, қандай арналар арқылы таралатынын түсіндіру де маңызды.

Саясаттанушы Талғат Қалиев саяси партиялардың дәстүрлі үгіт-насихаттан парламент қызметі, экономика және кәсіпкерлік мәселелері бойынша ашық саяси пікірталасқа белсенді түрде көшіп жатқанын, партия­лар басшылығының ауқымды жаңаруы қоғамның жаңа тұлғалар мен жаңа идеяларға деген сұранысын көрсететінін атап өтті. «Бүгінде қоғам саяси кемелденудің табиғи кезеңінен өтіп жатыр. Осы үдерісте сайлаушылар бағдарламаларды өз бетінше бағалауды, популистік мәлімдемелерге сыни көзқараспен қарауды және қоғамдық пікір көшбасшыларының ықпалы артып отырған ақпараттық кеңістікте дұрыс бағдар табуды үйренуде», – деді ол.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, жасанды интеллект қазіргі саяси коммуникацияның ажырамас бөлігіне айналып, қоғамдық сұраныс­ты талдауға, азаматтармен өз­ара іс-қимылды жекелендіруге және сайлау науқандарының тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ал, саясаттанушы Найла Мұхтарова биылғы үгіт-насихат науқанының бұрынғылардан едәуір ерекшеленетінін атап өтті. «Теледебаттар бағдарламаларды таныстыратын алаң ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сенімін нығайтатын маңызды құралға айналып отыр. Өйткені олар партиялардың өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сарапшылар алаңының екінші сессиясында модератор болған Қазақстандық қоғамдық даму инс­титуты басқармасының төрағасы Жұлдызай Ысқақова қатысушылармен электоралдық мінез-құлықтың заманауи үрдістерін, қоғамдық сұраныс­тың трансформациясын және азаматтардың саяси таңдауына әсер ететін факторларды талқылады. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова электоралдық көңіл күйге жүргізілген зерттеу нәтижелерін таныстырды. Зерттеу деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі сайлауға қатысуға дайын, ал азаматтардың үштен екісі нақты бір саяси партияға дауыс беруге ниетті. «Қоғамның негізгі сұранысы – тұрақтылықты сақтау, күнделікті мәселелерді тиімді шешу және партиялардың халықпен тікелей диалог орнатуы. Сонымен қатар сайлаушылардың таңдауы саяси бәсекенің деңгейіне және жеті партияның өз бағдарламалары мен идеологиялық ұстанымдарын қаншалықты сенімді ұсына алатынына байланысты болады», – деді ол.

Сарапшылар алаңының қорытындысында қатысушылар қазіргі электоралдық жүйенің табысты дамуы ақпаратқа деген сенімді қамтамасыз етусіз, цифрлық технологияларды жауап­кершілікпен пайдаланусыз, мемлекет, саяси партиялар мен қоғам арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды нығайтусыз, сондай-ақ электоралдық мәдениетті дамыту  мен азаматтық белсенділікті арттырусыз мүмкін еместігін атап өтті.