Астанада QAZCONTENT OPEN 2026 шахмат турнирі өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған бұл додаға журналистер, редакторлар, телерадио саласының мамандары, интернет-басылым қызметкерлері, блогерлер мен инфлюенсерлер қатысты., деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Интеллектуалды жарыс Қазақстан шахмат федерациясы мен «Qazcontent» АҚ бастамасымен ұйымдастырылды. Серіктестер қатарында ZHANYKULOV FOUNDATION қоры да бар. Қатысушылар блиц форматында, швейцариялық жүйе бойынша жеті турда сынға түсті. Негізгі кезең қорытындысында үздік шыққан төрт ойыншы жүлделі орындарды нокаут тәртібімен сарапқа салды. Жарыстың ерекшелігі оған кәсіби шахматшылар емес, медиа саласында еңбек ететін мамандар қатысуы. Ұйымдастырушылар талабына сай, додаға ФИДЕ-нің блиц рейтингінде 2000 ұпайдан аспайтын, кәсіби шахматшы немесе жаттықтырушы саналмайтын үміткерлер ғана жіберілді. Бұл талап бәсекенің әділ өтуіне мүмкіндік берді.
Қатысушылар арасында республикалық және өңірлік басылым қызметкерлері де болды. Әр тур сайын ойыншылардың шеберлігі мен тактикалық дайындығы байқалып отырды. Кейбір кездесулер бірнеше минутта аяқталса, енді бір партияларда жеңімпаз соңғы секундтарда анықталды. Турнир барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстарын нығайтуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың медиасала өкілдері арасындағы ынтымақтастықты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жүлде қоры да қатысушылардың қызығушылығын арттыра түсті. Бірінші орын иесіне 500 мың теңге, екінші орын алған ойыншыға 200 мың теңге, үшінші орын иесіне 100 мың теңге қарастырылды. Турнир қорытындысы халықаралық Chess-Results.com платформасында жарияланатыны да алдын ала мәлімделді. Бұл өз кезегінде жарыстың ресми сипат алғанын және ұйымдастыру деңгейінің жоғары болғанын көрсетті. Айта кетейік, QAZCONTENT OPEN турнирі соңғы жылдары медиасала өкілдерінің басын қосатын дәстүрлі интеллектуалды алаңға айналып келеді.
Таңсұлу АМАНГЕЛДІ,
SDU университетінің 2-курс студенті