Мәртебелі қонақтарға жол бастаған

Мәртебелі қонақтарға жол бастаған

Елорда көшелерінде оларды байқамай қалу мүмкін емес. Аппақ мотоциклдер, мінсіз экипировка, нақты әрі үйлесімді қимылдар. Қала тұрғындарының көпшілігі үшін мотовзвод қызметкерлерінің көрінуі бір нәрсені білдіреді – қалада ерекше маңызға ие іс-шара өтіп жатыр. Олар ресми кортеждердің қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етіп, кәсіби дайындық пен тәртіптің жоғары деңгейін көрсетеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бірнеше жылдан бері бұл бөлімшені Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция мамандандырылған батальонының эскорт взводының командирі полиция подполковнигі Ринат Сәлімгереев басқарып келеді.

Ол ішкі істер органдарындағы қызметіне 15 жылдан астам уақытын арнаған. Еңбек жолын бірден жол полициясынан бастаған. Мамандық таңдауы кездейсоқ емес. Ринаттың әкесі өмір бойы әкімшілік полиция жүйесінде қызмет етіп келеді. Әкесінің өнегесі болашақ мамандығын таңдауға айтарлықтай әсер еткен.

Ринат Сәлімгереев 2015 жылдан бері эскорт взводында қызмет атқарады, ал 2020 жылдан бастап бөлімшеге жетекшілік етеді. Осы уақыт ішінде оның басшылығымен түрлі деңгейдегі 200-ден астам іс-шараның кортеждері қауіпсіз сүйемелденді.

Эскорт взводының негізгі міндеті – ресми делегацияларды, ірі қоғамдық-саяси іс-шараларды және шетел мемлекеттері басшыларының сапарларын сүйемелдеу. Қызметкерлердің басты мақсаты – кортеждердің қауіпсіздігі мен үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етіп, мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосу.

Мұндай әрбір сүйемелдеу жұмысы маршрутқа шығудан әлдеқайда бұрын басталады. Қызметкерлер қозғалыс сызбаларын, жол желісінің ерекшеліктерін және өзге де қызметтермен өзара іс-қимыл тәртібін мұқият зерделейді. Жеке құрамның дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Полицейлер мотоцикл басқару шеберлігін үнемі жетілдіріп, түрлі күрделі маневрлерді және тосын жағдайларда әрекет ету тәсілдерін пысықтайды.

Сүйемелдеу кезінде әр қызметкерден аса жоғары дәлдік талап етіледі. Кортеж қозғалысы сантиметріне дейін есептеліп, толық үйлесімде орындалуы тиіс. Кез келген қайта сап түзеу, бұрылу немесе жылдамдықты өзгерту нақты әрі келісілген түрде жүзеге асырылады. Мұндай жұмыс жоғары шоғырлануды, жылдам шешім қабылдауды және қызметкерлер арасындағы толық өзара түсіністікті қажет етеді.

Қызметтің маңызды бөлігі – бөлімшенің сыртқы келбеті. Заманауи мотоциклдер, арнайы қорғаныс киімдері мен мотошлемдер елорда тұрғындары мен қонақтарының назарын әрдайым өзіне аударады.

Ал Ринат Сәлімгереев үшін мотоциклдер әлдеқашан жай ғана қызмет құралы болудан қалған. Екі дөңгелекті техникаға деген қызығушылығы жастайынан басталып, уақыт өте келе өмірлік хоббиіне айналған.

Қызметтік мотоциклдерден бөлек, оның жеке мотоциклі де бар. Техника мен жолға деген қызығушылығы өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, кәсіби жолын таңдауға да ықпал етті.

Жоғары дайындық деңгейін сақтауға спорт көмектеседі. Офицердің басты әуестігінің бірі – жүзу спорты. Бұл оған төзімділікті сақтап, жақсы физикалық формада болуға және қарқынды қызметке әрдайым дайын жүруге мүмкіндік береді.

Қызметтің жауапкершілігі жоғары әрі жұмыс кестесі тығыз болғанына қарамастан, оның басты тірегі – отбасы. Ринат Сәлімгереев үш қыз тәрбиелеп отыр және отбасын өміріндегі ең үлкен қолдау деп санайды.

Бүгінде елордалық полицияның эскорт взводы ресми іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөлімше ғана емес, сонымен қатар заманауи полицияның өзіндік визиттік картасына айналған. Мотовзводтың әсерлі әрі қарқынды жұмысының артында көп жылғы дайындық, мінсіз тәртіп және заңға қызмет етуді, жауапкершілік пен кәсібилікті өмірлік ұстанымына айналдырған жандар тұр.