Мaнат Мәуленбайұлы: Өкпе рагын емдейтін жаңа аспап жасадық

Мaнат Мәуленбайұлы:  Өкпе рагын емдейтін жаңа аспап жасадық

Физика ғылымдарының докторы Манат Мәуленбайұлы ҚХР-да дүниеге келген. Қазір АҚШ азаматы. Халықаралық «Refletion madical»  компаниясының бас инженері. Онкология  физикасы саласында үлкен зерттеуге қатысып, өкпе рагын лазер сәулесімен емдеудің жаңа технологиясын тапқан.

Нұр-Сұлтанда өзгеріс көп

– Аға, хош келдіңіз. Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет келуіңіз бе? Жас мемлекеттің жаңа астанасы қандай әсер сыйлады?

– Бұл екінші рет келуім. Алғаш рет 2006 жылы келгем. Ол кезде қаланың аты Астана болатын. Ал қазір қаланың аты да, заты да бөлек, көп нәрсе өзгерген. Шынымды айтсам бұл қала 10 жылда дәл осылай өзгереді деп ойлаған жоқпын. Шағын қала еді. Ал қазір қаланың іргесі кеңейіп, әсемдігі арта түсіпті. Әлемдегі көркем қалалардан еш кем емес. Жаңадан тауелсіздік алған бір елдің қысқа ғана уақыт ішінде астанасын көшіріп, осындай айтулы қала салуы оңай шаруа емес. Бұл ұлтын сүйетін әр қазақтың жүрегіне сенім, көңіліне қуаныш сыйлайтын үлкен жетістік.

– Ел орданың аты ғана емес, президентіміз де ауысып жатыр. Оған қалай қарайсыз?

– Қазақстанның осы күнге жетуі Қазақстандағы қазақ халқын ұйтқы еткен әр ұлт халқының бірлігінің арқасы. Тұңғыш президент ретінде Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды орнынан тұрғызды. Шегарасын шегендеп, іргесін бекемдеді. Буыны қатпаған жас мемлекетті алпауыт елдердің азуына түсірмей, не бір қиын қыстау кездерден аман алып шықты. Былайша айтқанда,  Назарбаев сынды көреген көшбасшы Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосты. Қазақстанның алғаш тәуелсіздік алған жылдардағы жағдайына қарап «Қазақстан ел болмайды, қазақты қазақ басқара алмайды» деп кері толғағандар көп болды. Ол күдіктің де күлі көкке ұшып еді, «Назарбаев ұстап тұр, ол кісі биліктен кеткен күні Қазақстан былығады» деп күдіктенгендер көбейді. Енді міне бейбіт жолмен билік ауысты. Назарбаев өте көрегендікпен шешім жасады. Қазір дүниеде мемлекеттердің тұрақтылығына, хауіпсіздігіне қатер төндіретін факторлар аз емес. Дәл осындай кезеңде Қазақстанда биліктің ың-дыңсыз ауысуы өте қуанарлық жағыдай. Мұны біз ғана емес, тұтас әлем солай бағалап жатыр.

Алтайдан АҚШ-қа дейін...

– Оқырмандарға түсінікті болу үшін осы арада өзіңіз жәйлі айта кетсеңіз.

–Мен Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданында тудым. 1983 жылы Шынжаң универцитетінің физика факультетін бітіріп,  1988 жылға дейін Қытай Ғылым Акедемиясының Шынжаңдағы филалында мамандығым бойынша қызмет істедім. 1988 жылы білімімді тереңдету мақсатында Швейцарияға барып, Женева қаласындағы Атом энергиясын зерттеу орынында халықаралық зерттеуге қатыстым әрі осы ғылыми орталықта 8 жыл қызмет істеп, атом күші жөнінде докторлық диссертациясын қорғадым. 1995 жылы АҚШ-қа қоныс аудардым. Қазір сол елдің азаматымын. Халықаралық «Refletion madical»  компаниясының бас инженері болып зерттеумен айналысам. Негізгі зерттеу тақырыбым – онкология физикасы.

– Онкология физикасы демекші, сіздер ракты емдеудің жаңа технологиясын таптыңыздар емес пе?

– Онкология физикасы дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, ракты лазер сәулесімен күйдіру. Біздің зерттеу орнымыз емханалармен бірлесіп, ракті емдеу жұмысын көбірек зерттеді. Осы салада жаңалық та аштық.

Қазір ракті емдегенде нұрмен күйдіреді ғой. Алайда бұл әдіс рак жайылмаған немесе бір-екі жерге шоғырланған жағдайда ғана істетіледі. Ал денеге жайылып кетсе, оның бәрін күйдіруге қазіргі технологияның шамасы жетпейді. Мысалға өкпе рагын алсақ, адам тыныс алған сайын рактың орыны қозғалып тұрады. Оны тазалап алу үшін өспе шыққан орынды үлкейтіп барып күйдіреді(Жаңғақтың үлкендігіндей ракті күйдіру үшін оның көлемін алмадай қып үлкейту керек). Күйдіргенде сау органдарды да зақымдайды. Егерде рак бір жерде болса, оны күйдіргенде оған адам шыдайды, ал екі-үш жерді солай күйдірсе адам өміріне қауып төнеді.  Біз осы мәселені шешу үшін лазер сәулесі арқылы өспені үлкейтпей-ақ күйдірудің әдісін таптық.

Асқыну дәрежесіне қарай, ракті төрт түрге бөледі. Мұның ең қатерлісі төртінші дәрежелі рак. Ол рак кілеткалары бүкіл денеге жайылып кеткенін меңзейді. Егер ол өкпеден ілінген рак болса, онда үміт жоқ, жарты немесе бір жыл ғана ғұмыры қалды деген сөз. Қазіргі біздің істеп жатқан жұмысымыз осындай ракпен ауырған адамдарға үміт сыйлау.

Ракты емдеудің жаңа әдістері табылды

– Бұл емдеу әдісі қазір қаншалық  зерттелді? Қолданысқа енді ме?

–Бұл зерттеу тақырыбын Refletion madical  компаниясы қаржыландырған. Зерттегенімізге 10 шақты жыл болды. Жоғарыда айтқанымдай, жайіліп кеткен ракты, қарапайым тілмен айтқанда, лазер сәулесі арқылы қуалап жүріп күйдіретін аспапты жасап шықтық. Қазір АҚШ азық-түлік, дәрі-дәрмек сапасын бақылау, басқару мекемесінің рұқсатын ғана күтіп тұрмыз. Рұқсат алсақ ресіми қолданысқа енеді.

– Зерттеу орнында сізден басқа қазақ бар ма?

–Біздің компанияда жоқ. Бірақ басқа орындарда  зерттеумен  шұғылданып жүрген қазақтар бар. Соның бірі Қасым дейтін азамат. Ол қазір рак биологиясын зерттейді. Дәлірек айтқанда, ол кісінің зерттеу түйіні рак молекуласының гені ,ал біз емдеу жағын зерттейміз.

– Сонда қазір адамзат Ракты емдеп, жаза алатын деңгейге  жетті ме?

– Ракты дауалаудың жаңа әдістері табылды. Соның бірі, Адамның иммунеттік қуатынан пайдаланып ракты дауалау. Енді бірі адам денесіндегі Т кілеткасын тартып алып, оған ракты жойатын кілетка қосып, адам денесіне қайта құю арқылы емдеу. Бұл әдістер қазір АҚШ-та қолданыла бастады.

Бірақ бұл ракті жеңдік деген сөз емес, тек оны емдеудің алғашқы басқышындағы жетістік деп айтуға болады. Мысалы, жоғарыда айтқан екі түрлі емдеу әдісі кейбір адамдарға оң әсер береді, ал кейбір адамдарға мүлдем әсер етпейді, мұның себебі әлі зерттеліп болған жоқ.

Білімдіні бағалаған ел озады

– Қазақстанға келіп зерттеумен айналысу ойыңыз жоқ па?

– Әлемнің қай түкпірінде жүрседе қазақты ойламайтын, Қазақстанды аңсамайтын қазақ жоқ шығар. Сол сияқты бізді де бір күш осы топыраққа қарай тартады да тұрды. Бұл елге алғаш келген кезде «компьютер томографиясы жағынан мамандығым бар, осы жағынан жұмыс істейін» деген ой болды. Бірақ Зерттеу салама қатысты жағдай жасалмаған соң тоқтап қалдым.

– Еңбегіңізді бағаламады ма?

– Жоқ, еңбегімді бұлдап отырған жоқпын. Деседе бір елді ұлт пен ру емес, білім мен экономика дамытады. Шетелде қазақтың не бір мықтылары жүр. Олар да өз еліне келгісі, ұрпағы үшін қызмет еткісі келеді. Алайда қағаз бастылық пен жемқорлықтан, бармақ басты, көз қысты қылып пайданы көздейтін «көкесіз» жұмыс жүрмейтін керанаулықтан қорқады. Өнер-білімді, ғылымды дамытамын деген елге мұның түк те пайдасы жоқ. Мәселен, дамыған елдерде ешкімнің ұлты мен орнына, докейлерді жағалаған қарым-қатынасына қарамайды. Зерттеген тақырыбы адамзатқа пайдалы болса болды, жұмысқа тартып, барлық жағдайды жасауға тырысады. Біз неге Америкаға барамыз? Ол елде бастысы біздің еңбегіміз көрінеді және қызыққан тақырыпты зерттеуге мүмкіндік бар. Бұл елде сен қазақсың ба, басқа ұлтсың ба, онымен шаруасы жоқ. Мемлекеттің, адамзаттың дамуына пайдалы жобаң болса, аямай қаржыландырады. Осы дәстүр Қазақстанға да керек сияқты.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ