Жылдың басынан бері елорда аумағында 529 өрт тіркелді. Оның ішінде 225 өрт немесе жалпы санның 42,5%-ы тұрғын үй секторында болған. Сонымен қатар, автокөлік құралдарында шамамен 135 өрт, бақылаудағы объектілерде тағы 125 өрт тіркелді. Өрттің негізгі себептері туралы Астана қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындау туралы ақпарат берген спикердің айтуынша, мына жайттар өрттің шығуына себеп болады:
- Пешті жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, оның ішінде пештердің дұрыс жұмыс істемеуі және түтін мұржаларын уақтылы тазаламау;
- Азаматтардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға немқұрайлы және салғырт қарауы;
- Электр аспаптарын дұрыс пайдаланбау және сапасыз жылыту құрылғыларын пайдалану;
- Электр сымдарының тозуы, сондай-ақ рұқсат етілмеген қосылыстарды пайдалану;
- Балаларды қараусыз қалдыру және балалардың отпен ойнауы;
- Алкогольге мас күйіндегі азаматтардың отқа абайсыздықпен қарауы.
Астана қаласында халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын 983 отбасы, оның ішінде аз қамтылған және әлеуметтік бейімделмеген отбасылар есепте тұр. Жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп профилактикалық рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Жүргізілген рейдтер барысында 157 жеке тұрғын үй зерттелді, 700-ге жуық азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптары мен қағидалары түсіндірілді, Өрт қауіпсіздігі талаптарының 38-ге жуық бұзылуы анықталды, оның 15,8%-ы жылыту жүйелерімен, ал 84,2%-ы электр желілерімен байланысты, 30 бұзушылық тікелей сол жерде жойылды.
Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың тұрғын үйлерінде 12 улы газ датчигі орнатылған. Соңғы төрт жылда профилактикалық жұмыс аясында 3000-нан астам осындай датчиктер орнатылды.
- Елордадағы ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды тұрғын үй жайларды жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады: Пештің, электр және газ жылытқыштарының жарамдылығын тексеріңіз; Тек жарамды жылыту құрылғыларын пайдаланыңыз; Жабдықтың қызып кетуіне жол бермеңіз және электр құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз; Мұржаларды күйеден үнемі тазалаңыз; Үйде жасалған немесе ақаулы жылыту құрылғыларын пайдаланбаңыз; Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлері бойынша хабарлаңыз; Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, олардың қауіпсіздігі әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Есіңізде болсын, өрт қауіпсіздігінің қарапайым қағидаларын сақтау өмірді, денсаулықты және мүлікті сақтауға көмектеседі. Әрбір азаматтың қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы – өрттердің және олардың қайғылы салдарын алдын алудың кепілі, - дейді басқарма өкілі.