Көру қабілеті бұзылған жандарға арналған шығармашылық байқау өтті

Көру қабілеті бұзылған жандарға арналған шығармашылық байқау өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Халықаралық ақ таяқ күні қарсаңында Астанадағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханада оқырмандар арасында танымдық-шығармашылық байқау өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараны елорданың Орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – көру қабілеті бұзылған адамдарды қолдау, олардың шығармашылық қабілетін дамыту және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Байқаудың басты ерекшелігі – қатысушылардың өз білімдерін ғана емес, сипап сезу арқылы алған ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын да көрсетуіне мүмкіндік берілгені. Сынақтар бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылды.

Байқау аясында қатысушылар берілген тақырып бойынша Брайль қарпін пайдаланып, эссе жазды. Сондай-ақ олар Брайль мәтінін оқуда өз білімдерін сынады. Бұл кезеңде оқу жылдамдығы, дұрыстығы мен сауаттылығына баға берілді.

Бұдан бөлек, қатысушылар тактильді суреттерді анықтау тапсырмасын орындады. Олар ұсынылған бейнелерді қолмен сипап, суретте не бейнеленгенін анықтауы керек болды.

Мұндай тапсырмалар қатысушыларға өздерінің зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін танытуға, сондай-ақ кеңістікті сипап сезу арқылы бағдарлау дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар байқау мамандандырылған кітапхана оқырмандарының өзара араласып, тәжірибе алмасуына арналған ортаға айналды.

«Мен бұл жерге 90-жылдардан бері келемін. 36 жыл ішінде көптеген кітап оқыдым. Осы уақыт аралығында мұнда көп дос таптым. 60 жасымнан бастап Брайль қарпін меңгердім. Араб тіліндегі кітаптарды көп оқымаймын, негізінен қазақ және орыс классиктерінің шығармаларын ұнатамын. Ең сүйікті кітабым – «Менің атым Қожа». Қазір зейнеттемін. Уақытымды кітапханада өткізгенді жақсы көремін. Хорға, биге қатысамын, көркемөнерпаздар үйірмесінде өнер көрсетемін», – дейді кітапхана оқырманы Жазит Қонтаев.

Іс-шара қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.

Астанадағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана 1970 жылы ашылған. 55 жылдан астам уақыт ішінде кітапхана қажетті әдебиет пен ақпарат алуға болатын орын ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен олардың отбасы мүшелерінің қарым-қатынас жасап, мәдени демалысын өткізіп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беретін орталыққа айналды.

Кітапхана тифлокомпьютерлермен жабдықталған және интернетке қосылған. Бұл мүмкіндіктерді оқырмандар тегін пайдалана алады. Мекеменің кітап қорында жазық қаріппен басылған әдебиеттер, Брайльдің бедерлі-нүктелі қарпімен шығарылған кітаптар, аудиокітаптар мен мерзімді басылымдар бар. Жалпы кітапхана қорында 20 мыңнан астам басылым сақталған. Оның ішінде Брайль қарпімен шығарылған 3 мыңға жуық кітап және 9 мың аудиокітап бар. Кітапханаға шамамен 2300 оқырман тіркелген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар көру қабілеті бұзылған адамдарға өз қабілеттерін ашуға, жаңа білім алуға және елорданың мәдени әрі қоғамдық өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді.