Кортеж қауіпсіздігінің сақшысы

Кортеж қауіпсіздігінің сақшысы

Елорда көшелерінде аппақ мотоциклдерімен көзге түсетін полиция қызметкерлерін байқамау мүмкін емес. Мінсіз тәртіппен қозғалып, біртұтас механизмдей үйлесімді әрекет ететін мотовзвод қызметкерлері қала тұрғындары үшін маңызды мемлекеттік немесе халықаралық іс-шараның өтіп жатқанын аңғартады. Ресми кортеждердің қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін бұл бөлімшенің жұмысы жоғары кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді.

Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген мамандардың бірі – Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция мамандандырылған батальоны эскорт взводының командирі, полиция подполковнигі Ринат Сәлімгереев.

Ринат Сәлімгереев – ішкі істер органдарындағы қызметіне 15 жылдан астам уақытын арнаған тәжірибелі офицер. Ол еңбек жолын жол полициясы қызметінен бастап, кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жауапты қызмет сатыларынан өтті. Мамандық таңдауы да кездейсоқ емес. Оның әкесі өмір бойы әкімшілік полиция жүйесінде қызмет етіп, ұлына адал еңбек пен тәртіптің үлгісін көрсетті. Әке өнегесі Ринаттың өмірлік бағытын айқындап, құқық қорғау саласына келуіне себеп болды.

Ол 2015 жылдан бері эскорт взводында қызмет атқарады. Ал 2020 жылдан бастап бөлімшеге жетекшілік етіп келеді. Осы уақыт аралығында оның басшылығымен республикалық және халықаралық деңгейдегі 200-ден астам іс-шара барысында ресми кортеждер қауіпсіз сүйемелденді. Бұл – үлкен жауапкершілік пен мінсіз дайындықтың нәтижесі.

Эскорт взводының негізгі міндеті – шетел мемлекеттері басшыларының, ресми делегациялардың және жоғары деңгейдегі қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысушылардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұндай жұмыстар сырт көзге оңай көрінгенімен, оның артында ұзақ дайындық пен мұқият жоспарлау жатыр.

Әрбір сүйемелдеу жұмысы маршрутқа шығудан әлдеқай да бұрын басталады. Қызметкерлер қозғалыс бағыттарын зерттеп, жол инфрақұрылымының ерекшеліктерін талдайды, басқа да қызметтермен өзара іс-қимыл тәртібін пысықтайды. Сонымен қатар жеке құрамның кәсіби дайындығына ерекше назар аударылады. Мотоцикл басқарудың күрделі тәсілдері, тосын жағдайларда әрекет ету дағдылары мен қауіпсіздік шаралары тұрақты түрде жетілдіріліп отырады.

Сүйемелдеу кезінде әр секунд пен әр метр маңызды. Кортеж қозғалысы нақты есептеліп, барлық маневр жоғары дәлдікпен орындалуы тиіс. Қайта сап түзеу, бұрылу немесе жылдамдықты өзгерту секілді әрекеттер қызметкерлердің өзара толық түсіністігі мен кәсіби шеберлігін талап етеді. Мұндай жағдайда кез келген қателікке жол жоқ.

Эскорт взводының қызметкерлері кәсіби міндеттерін атқарып қана қоймай, полицияның заманауи келбетін қалыптастыруға да үлес қосып келеді. Арнайы жабдықталған мотоциклдер, қорғаныс киімдері мен заманауи экипировка қала тұрғындары мен қонақтарының назарын әрдайым өзіне  аударады.

Ринат Сәлімгереев үшін мотоцикл тек қызмет құралы ғана емес. Екі дөңгелекті техникаға деген қызығушылығы бала кезден басталып, уақыт өте келе сүйікті хоббиіне айналған. Бүгінде оның жеке мотоциклі де бар. Техникаға деген құштарлық кәсіби қызметімен үйлесіп, өмірінің маңызды бөлігіне  айналған.

Жоғары физикалық дайындықты сақтау үшін офицер спортпен тұрақты айналысады. Әсіресе жүзу спортына ерекше көңіл бөледі. Оның айтуынша, жүзу төзімділікті арттырып, қызмет барысында қажет болатын сергектік пен шапшаңдықты сақтауға көмектеседі. Қыз метінің жауапкершілігі жоғары болғанымен, Ринат Сәлім гереев үшін отбасы әрдайым бірінші орында. Ол – үш қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке. Отбасын өзінің басты қолдауы мен күш-қуат көзі деп санайды.

Бүгінде елордалық полицияның эскорт взводы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бөлімше ғана емес, кәсібилік пен тәртіптің символына айналып отыр. Ал оның сапында қызмет ететін офицерлердің ішінде Ринат Сәлімгереев секілді өз ісіне адал мамандардың еңбегі ерекше. Олардың күнделікті жұмысының артында көп жылғы тәжірибе, табанды дайындық және  халыққа қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған  азаматтық жауапкершілік  жатыр.